Миллиардер Жұманбаев пен Ресей азаматына тиесілі компания шығынға ұшырады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Беңқала
«Беңқала» неге шығынға ұшырады / Фото: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Акциясының 20%-ы миллиардер Владимир Жұманбаевқа тиесілі «Беңқала» тау-кен компаниясы 2024 жылы 344 млн теңге шығынға ұшыраған. Компанияның жағдайы соңғы бір жылда біршама жақсарғанымен, таза пайдаға әлі шықпаған.

Түсім өсті, бірақ қарыз да көбейді

2024 жылы компанияның түсімі 5,96 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 9,4%-ға артты. Алайда жалпы міндеттемелер де бір жыл ішінде күрт өсіп, 5,49 млрд теңгеден 9,33 млрд теңгені құрады. Бұл шамамен 70%-дық өсім, яғни компания сырттан көп қарыз алған.

2024 жылдың соңында компанияның жалпы активтері 19,6 млрд теңгені, ал меншікті капиталы 10,27 млрд теңгені құрады. Ал 2023 жылы бұл көрсеткіштер тиісінше 16,1 млрд теңге және 10,6 млрд теңге болған.

Шығын қысқарғанымен, пайда жоқ

2023 жылы компания 895 млн теңге көлемінде таза шығынға ұшыраса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 344 млн теңгеге дейін азайған. Жалпы кіріс 2,88 млрд теңгені құрап, өткен жылғы деңгейде сақталды.Қарапайым акцияның баланстық құны 1 809 теңге болды (2023 жылы — 1 860 теңге).

Рентабельділік көрсеткіштері де жақсарды:

  • Активтердің рентабельділігі (ROA) – –1,76% (2023 жылы –5,56% болған)
  • Меншікті капитал рентабельділігі (ROE) – –3,35% (2023 жылы –8,43% құраған )
  • Сатудан түскен кірістілік (ROS) – –5,78% (2023 жылы –16,44% тең болды)

Компания активтерін ұлғайтып, табысын арттырғанымен, қарыз жүктемесі айтарлықтай көбейген. Бұл ретте, таза табысқа жету үшін «Беңқала» шығындарды бақылауды жалғастырып, қарыз құрылымын оңтайландыруы қажет.

«Беңқала» Ақтөбе облысындағы кен орнынан ашық тәсілмен темір кенін өндіріп, өңдейді. 2019 жылы құрылған компанияның қазір үш акционері бар. 20% үлесіне Владимир Жұманбаев, 70%-на Amros Group B.V. компаниясы арқылы Ресей азаматы Наталья Смирнова иелік етеді. Ал 10% акциясы былтыр тамызда Дәурен Оразаевтың меншігіне өткен. 

 2024 жылы күзде компания «Астана» халықаралық қаржы орталығының (AIX) биржасында 10 млн долларға облигация орналастырғанын хабарлады.

Сондай-ақ оқыңыз