«Костенко» ісінде жәбірленушілер сотталушылардан 500 млн теңге өндіруді сұрады

Қарағандының Әлихан Бөкейхан ауданы сотында «Костенко» шахтасында қаза тапқан 46 кеншінің ісі бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Сот барысында бірнеше жәбірленуші сотталушылардан 30-50 млн көлемінде моральдық шығын өндіруді талап етті, деп хабарлайды KursivMedia.
Сот материалдарына сәйкес, жәбірленуші Михаил Яковенко сотталушылардың әрқайсысынан 5 млн теңге көлемінде, жалпы 50 млн теңге моральдық шығынды өндіріп алу туралы өтінішпен жүгінген. Жәбірленуші Павл Вашкевич, Қанат Мустафин, Жасұлан Қойшығарин, Андрей Корнеев, Әділ Дусикенов, Ивана Морченко, Әсет Жукушев те дәл осындай талап арыз жолдаған.
Жәбірленуші Рамиса Айтметовадан сотталушылардан жалпы 30 млн теңге моральдық шығын өндіру туралы талап арыз түскен.
Жәбірленуші Анатолий Попов қылмыстық істегі сотталушылардан жалпы 15 млн теңге өндіруді сұраған.
Сот қаулысымен жәбірленушілер осы қылмыстық іс бойынша азаматтық талапкер деп танылады. Ал сотталушылар азаматтық жауапкер болды.
Айта кетейік, қылмыстық іс бойынша 10 сотталушы бар. Оның ішінде 9 адам қылмыстық-процестік кодекстің 342-бабы 2-бөлігі негізінде қылмыстық іс сотта қаралып жатқан уақытта қамауда болады. Бұл қатарда бар:
Сергей Мустивко (шахта директоры);
Вадим Ерёмин (шахта директорының өндіріс жөніндегі орынбасары);
Николай Грознов (шахтаның бас инженері);
Виктор Коптенков (апат болған №6 учаскенің бастығы);
Владимир Гонноченко (бас инженердің орынбасары);
Дмитрий Федоренко (бас инженердің қауіпсіздік техникасы жөніндегі орынбасары);
Виталий Пестряк (желдету және қауіпсіздік техникасы жөніндегі бастықтың көмекшісі);
Владимир Шишканов (желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің бастығы);
Төлеген Габдушев (конвейерлік көлік учаскесінің бастығы).
Оныншы сотталушы Дмитрий Коцар (шахтаның бас механигі) қолхат негізінде қамауға алынбаған.
Оларға Қылмыстық кодекстің 277-бабы 3-бөлігі (тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу екі не одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жағдай) бойынша айып тағылған. Іс бойынша 74 адам жәбірленуші деп танылған.
«Костенко» шахтасындағы апат
2023 жылдың 28 қазанында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның «Костенко» көмір шахтасындағы жарылыс болып, 46 кенші қаза тапты, 28 кенші жарақат алды. Осы апаттан кейін президент Үкіметке «АрселорМиттал Теміртау» компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Содан кейін ArcelorMittal және Қазақстан үкіметі меншік құқығын Қазақстан Республикасына беру жөніндегі мәміле туралы алдын ала келісімге қол қойды.
2023 жылдың 8 желтоқсанында ArcelorMittal мемлекет бақылауындағы Qazaqstan Investment Corporation (QIC) тікелей инвестициялар қорына «АрселорМиттал Теміртауды» сату аяқталғанын жариялады.
Осылайша компания Қазақстан үкіметіне Теміртау мен Ақтаудағы металлургиялық кәсіпорындарды 286 млн долларға сатты. Үкімет пен компания ArcelorMittal Temirtau JSC және ArcelorMittal Tubular Products Aktau JSC металлургиялық кәсіпорындарының барлық акциясын QIC сатып алуы туралы келіссөздерді аяқтады. Әрі қарай компания акциялары оның жаңа иесі – Андрей Лаврентьевке берілді. «АрселорМиттал Теміртау» Qarmet болып өзгертіліп, оның бас директоры болып Вадим Басин тағайындалды.