Қажылыққа заңсыз, визасыз барғандарға 13,5 млн теңге айыппұл салынады – ҚМДБ

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Сауд Арабиясы заңсыз қажылық әрекетіне қарсы айыппұлдар мен жаза шараларын күшейтіп жатыр / Фото: kursiv.media архиві

Сауд Арабиясы Корольдігі осы жылдың 29 сәуірі мен 10 маусымы аралығында заңсыз және визасыз қажылық жасауға қатаң тыйым салынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ оларға көмектескен адамдарға да ескерту жасады. Заңсыз түрде қажылық жасауға әрекет еткендер елден шығарылып, Сауд Арабиясына кіруіне 10 жылға тыйым салынады.

Бұл шешім қажылық маусымындағы өлім жағдайына апаратын кептелістердің алдын алу үшін қабылданып отыр. Корольдік заңсыз қажылық әрекетіне қарсы айыппұлдар мен жаза шараларын күшейтіп, күн сайын қатаң бақылау жүргізіліп жатқанын хабарлады.

 Негізгі талаптар мен тыйымдар:

  • Алдымен қажылықты заңсыз орындап жатқан немесе орындауға әрекет еткен азаматтар көрсетілген уақыт аралығында қасиетті орындарда қалуға немесе зиярат жасауға әрекет еткен барлық түрдегі ВИЗА иелеріне 20 мың Сауд Арабиясы риалы немесе 5300 АҚШ доллар (2 691 499 теңге) көлемінде айыппұл салу белгіленді.
  • Қажылық визасы жоқ шетел азаматтары, сондай-ақ оларды басқа виза түрімен кіргізген жауапты тұлғаларға 100 000 риал (шамамен 26 600 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұл сома әрбір жалған виза үшін жеке есептеледі. Сонымен қатар заңсыз түрде Мекке аумағына кіргендерді жасырғандар, оларды тасымалдаған көлік жүргізушілері, орналастырған қонақүйлер мен  жеке үй иелеріне де  26 600 АҚШ доллар (13 508 278 теңге) көлемінде айыппұл салынады.
  • Заңсыз түрде Қажылық жасауға әрекет еткен азаматтар, Сауд Арабиясында уақытша тұрған, уақыты аяқталған немесе заңсыз түрде мекендеп отырған азаматтар өз еліне депортация жасалады және олардың 10 жыл Сауд Арабиясына кіруіне тыйым салынады.
  • Қажылық визасы жоқ шетелдік азаматтарды тасымалдаған транспорттар оларға көмектескен азаматтарға тиесілі болса, ол көліктер сот арқылы мемлекет есебіне өткізіледі.
  • Виза уақыты аяқталса да, Саудия аумағынан шығып кетпеген шет ел азаматтарына 50 мың риал (13 300 АҚШ доллары) көлемінде айыппұл, 6 айға дейін қамау және депортация жазасы белгіленген.

«2025 жылы Сауд Арабиясы 1 млн 800 мың қажыларды күтіп алуды  және оларға қызмет көрсетуді жоспарлауда. Осы орайда қажыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында қажылық жасау ресми түрде тек қана қажылық визасы арқылы жүзеге асырылады, басқа кез келген виза түрімен Мекке мен қасиетті жерлердің аумағына кіруге тыйым салынады»,– делінген хабарламада.

Заңсыз қажылық жасағандар қанша

2024 жылы Сауд Арабиясы заңсыз қажылық жасаған 300 мыңнан астам шетелдік азаматты анықтады. Осыған байланысты, 2025 жылдың 29 сәуірі мен 9 маусымы аралығында бірнеше мемлекет үшін электронды визалар беруді уақытша тоқтатты.

Бұл шешімге көптеген шетелдіктердің ұмра визасымен келіп, рұқсатсыз қажылық жасау әрекеті себеп болған.

ҚМДБ ескертеді

Қазақстаннан биыл 4500 адам ресми қажылық сапарына аттанады. Олар 24–31 мамыр аралығында Меккеге барып, 10–16 маусымда елге оралады деп жоспарлануда. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) барлық азаматтарды Сауд Арабиясының қажылық ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Сонымен қатар, биыл қажылыққа ниет еткен отандастарымызға қандай да бір заңсыз әрекеттерге бармауды және қажылық орындарын алмаған лицензиясы жоқ турфирмаларға жазылмау қажеттігін ескертеді.

Осыған дейін ҚМДБ қажылыққа барғанда алданып қалмау үшін бірнеше кеңестерді ұстануды ұсынған еді. Толығырақ Kursiv.media матреиалын  сілтеме арқылы оқуға болады.

Сондай-ақ оқыңыз