Бишімбаев ісі бойынша сот үкімі шыққанына бір жыл

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Бишімбаев пен Байжанова бір жыл бұрын үкім шықты/коллаж: kursiv.media

Бір жыл бұрын бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен оның туысы Бақытжан Байжановқа сот үкімі шықты. 2024 жылдың 13 мамырында Бишімбаев 24 жылға, Байжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. KursivMedia бірнеше айға жалғасқан сот процесі қалай өткенін, үкім шыққаннан кейін сотталғандар төңірегіндегі ақпаратқа шолу жасады.

Салтанат Нүкенова қайтыс болды

2023 жылдың 9 қарашасында Астанадағы Bau мейрамханасында экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталды. 

Қылмыстық іс бойынша тергеу қаңтарда аяқталды. Сот процесі наурызда басталды. Айыптау актісінде Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенованың заңды некеде тұрмағаны айтылды.

Айыптау актісіне сәйкес, Бишімбаев азаматтық некедегі жары Нүкеноваға туыстары, достарымен араласуға қарсы болған және қаржылық жағынан өзіне тәуелді еткен.

2023 жылдың наурызында (тергеу барысында нақты уақыты анықталмаған) қызғаныштан Нүкенованы ұрып-соққан. 2023 жылдың 25 наурызында Нүкенова дене жарақатының фотосын түсіріп, ағасына жолдаған. Алайда ешқандай әрекетке бармауын сұраған. Содан кейін ағасы Нүкеноваға азаматтық некедегі күйеуінен кету туралы айтқан. Алайда Салтанат Нүкенова «жағдай реттеліп кетеді» деп, бас тартқан.

Қайғылы оқиға болардың алдында Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаев Астанада ресейлік әнші Дима Биланның концертіне барған. Алайда концерт аяқталмастан, ол жерден шығып, Bau мейрамханасына барған. Екеуі шарапқа тапсырыс беріп, бірге 4 бөтелке шарап ішкен. Осы кезде Нүкенова қарым-қатынасты тоқтатқысы келетінін айтқан.

Мемлекеттік айыптаушының сөзінше, екеуі мейрамханадан екі рет шыққысы келген. Алайда бұл ойы сәтсіз аяқталған. Содан кейін мейрамхананың VIP залына барған. Екеуінің арасындағы жанжал әрі қарай жалғасқан.

Тағылған бір айыптан бас тартты

Бастапқыда Бақытжан Байжановқа қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған еді. Олар:

432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу);

434-бабы (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау).

Іс барысында прокуратура Бақытжан Байжановқа Қылмыстық кодекстің 434-бабында көрсетілген әрекетті (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) жасады деген айыптаудан бас тартты

Осылайша іс әрі қарай қылмыстық кодекстің 432-бабы негізінде қаралды.

Ал Қуандық Бишімбаев қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау), 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша айыпталды.

«Мәйіттен құтылмақ болған»

Қылмыстық іс бойынша жарыссөз 2024 жылдың 2 мамырында басталды.

Сол кезде іс бойынша прокурор Айжан Аймағанова Бишімбаев пен Байжанов Салтанат Нүкенованың қайтыс болғанын біле тұра, айғақтарды жасыруға тырысқанын айтты. Оның сөзінше, олар мәйттен құтылмақ болған. Сол үшін Нүкенованың телефонын алдымен фитнеске, содан кейін үйіне апарған.

«Бишімбаев неге сағат 3-тен кейін нашатырь әкелуді сұраған? Сараптамаға сәйкес, Нүкенова ол уақытта қайтыс болған. Ал қайтыс болған адамды нашатырь оятпайды. Оны басқа мақсатта пайдаланған. VIP-бөлмеде Нүкенованың саусақ іздері жоқ. Алайда Бишімбаевтың өзі екеуінің сол жерде бірге отырғанын айтты. Нашатырь көмегімен Салтанаттың іздері мен денесіндегі қанды сүрткен», – дейді мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова.

Аймағанованың сөзінше, қайғылы оқиға болған орыннан нашатырь табылмаған. Оны тергеушілер таба алмаған.

Ал Бишімбаев соттағы соңғы сөзінде өз ата-анасы мен балаларынан кешірім сұрап, бұл іске тек өзінің кінәлі екенін айтты.

«Мен ешкімге өлім тілеген емеспін. Сол кеште де жұбайыма өлім тілеген жоқпын. Іс бұлай аяқталады деп ойламадым. Мен кінәлімін, бірақ қасақана адам өлімінде емес. Өзім ұсталған кезден бастап, сол күндегі жағдай туралы айтып келдім. Жазадан құтылып кетуге барлық мүмкіндігім болса да, қашып кетпедім», – деді Бишімбаев.

Сот үкімі

Бишімбаев Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі 1-тармағы (қинау) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.

Ол сондай-ақ Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы (аса қатыгездікпен адам өлтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Бұл бап бойынша 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Осылайша, сот Үкімімен Бишімбаев түпкілікті 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Бишімбаев жасаған қылмыс қауіпті қылмыстың қайталануы деп танылды.

Прокурор Саяхат Нұрбеков жарыссөз барысында бұрынғы Ұлттық экономика министрін 24 жылға соттауды сұрағанын айтты.

«Бишімбаевты түпкілікті 24 жылға соттауды сұрадық. Істің мән-жайы, жазаны жеңілдететін және ауырлататын жағдай ескерілді. Республика бойынша кейінгі 5 жылда осындай істер бойынша өмір бойына соттау жазасы тағайындалмаған»,– деді Саяхат Нұрбеков.

Айжан Аймағанова айыптау тарапы Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінде көрсетілген ең ауыр жаза – 20 жылға соттауды сұрағанын айтты. Ал Қылмыстық кодекстің 110-бабы бойынша ең ауыр жаза – 7 жыл. Прокурорлар Бишімбаевты осы мерзімге соттауды сұраған. Алқабилер мен судья екі бап бойынша ең ауыр жазаны ішінара қосу арқылы үкім шығарған.

2024 жылдың 26 маусымында Астанада Қуандық Бишімбаев пен Бақытжан Байжанов ісі апелляция сатысында қаралды. Апелляциялық сот бірінші инстанцияда шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Үкімге сәйкес Бишімбаев қауіпсіздігі барынша жоғары түрмеге жіберілді. Алайда оның мекеме ішінде бос жұмыс орны болмағандықтан, жұмыс істемейтіні айтылды.

Үкімнен кейінгі дау

Сот үкімі шыққаннан кейін де Қуандық Бишімбаев төңірегінде ақпарат толастаған жоқ. Оның бұрынғы әйелі Назым Қаһарман Бишімбаевты ата-ана құқығынан айыру үшін сотқа жүгінген. Алайда сот экс-министрді мұндай құқығынан айырмады. Қаһарманның айтуынша, сот Салтанат Нүкеновамен Қуандық Бишімбаевтың некесі заңды түрде тіркелмегендіктен, Бишімбаевты ата-ана құқығынан айырудан бас тартқан.

Сондай-ақ қылмыстық істегі прокурорлар Айжан Аймағанова мен Саяхат Нұрбеков Республика күніне орай «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Істі қараған судья да марапатсыз қалмады, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында судья Айжан Құлбаеваға медаль берілді.

Сондай-ақ оқыңыз