Сара Назарбаева туралы сыбыстардан кейін, Ұлттық госпитальда күзет күшейді

Жарияланды
Сара Назарбаева туралы сыбыстардан кейін, Ұлттық госпитальда күзет күшейді / Фото: коллаж kursiv.media (Скриншот из Facebook Рафаэля Гасанова), бильд-редактор: Артур Алескеров

Соңғы аптада Нұрсұлтан Назарбаевтың заңды некелескен әйелі Сара Назарбаеваның ауырғаны, кейінірек қайтыс болғаны жайлы сыбыс тарады. Ресми дереккөздер бұрынғы бірінші ханымның Алматыдағы Президент басқармасына қарайтын Ұлттық госпитальда жатқанын хабарлады. Қазір онда не болып жатыр, неге дәл сол емхананы таңдады?

Kursiv.Media тілшісі Назарбаева емделіп жатқан мекемеге барып қайтты. Бірден көзге түскені – госпиталь маңайында тәртіп сақшыларының күшейгені. Әсіресе, Шевченко-Назарбаев көшелерінің қиылысында күзет ерекше, көліктердің қозғалысына шектеу қойған.

Ұлттық госпиталь маңындағы тәртіп сақшысы/ Фото: Kursiv Media

Ұлттық госпитальға кіре берістегі күзетшіден Сара Назарбаева жайлы сұрадық. Бірақ ол Назарбаева жайлы да, оның қайтыс болғаны жайлы ешнәрсе білмейтінін айтып, жауап беруден бас тартты.

Госпиталь сыртында тұрған полицияның қандай себеппен күзетте тұрғанын анықтамақшы болдық. Бірақ бұл туралы полиция департаментінен сұрауымыз керек екенін айтты. Мәселеге қатысты Алматы қалалық Полиция департаментіне сауал жолдадық.

Ал дүкен маңайындағы тәртіп сақшысы журналистің пресс-картасын суретке түсіріп алып, «басшылыққа жіберемін» деді. Біздің сұрағымызға «қоғамдық тәртіпті бақылау үшін» жүргенін айтты.

Ұлттық госпиталь маңында/ Фото: Kursiv Media

Госпиталь маңайында жүргенде, Жамбыл көшесі жағынан қара костюм-шалбар киген, құлағына гарнитура таққан 15 шақты адам шықты. Шамасы, күзетшілер болса керек.

Күзетшілердің бірі қақпадан шақырып, не істеп жүргенімді сұрай бастады. Артынша, аз уақыт бұрын тілдескен аурухана күзетшісі шығып «мынау айналшықтап, түсіріп жүр» деп қосыла кетті.

«Қара костюмдегі жігіт диктофонға жазып жатқанымды көріп, өшіруімді сұрады. «Аман-сауыңда бұл жерден кет, саған артық әңгіме қажет емес, мен де саған артық мәселе тауып бергім келмейді» деп қорқытуға тырысты», – дейді журналист.

Күзетшілерден басқа әлі госпитальдың өзінен ешқандай заңды өкіл шығып, сұрақтарымызға жауап берген жоқ.

Неге Ұлттық госпитальді таңдады?

Сара Назарбаева емделіп жатыр деген аурухана ҚР Президентінің іс-басқармасы медициналық орталығының Ұлттық госпиталі деп аталады. Елдегі ең көне және ең тәжірибелі медициналық мекеменің бірі деп есептеледі. Халық арасында кеңестік атауына байланысты «Совминка» деп аталады.

Госпиталь ең алғаш рет 1929 жылы екі қабатты аурухана ретінде ашылды. Қазір мұнда 1500-ға жуық адам жұмыс істейтін үлкен кешен.

Мұнда елдің бірінші тұлғаларына медициналық қызмет көрсетілген. Дінмұхамед Қонаев «Совминкада» емделген, сондай-ақ осы жерде Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевқа да медициналық көмек көрсетілген.

Ұлттық госпиталь Сара Назарбаеваның емделіп жатқанын растады, бірақ дәрігерлік құпияға байланысты басқа ақпарат беруден бас тартты.

Сондай-ақ оқыңыз