Қазақстан мен Қытай шекарасындағы жүк көлігі кезегі қалай реттеледі

Қазақстандық кәсіпкерлер Қазақстан мен Қытай шекарасындағы «Нұр жолы» және «Достық» өткізу пунктінде көлік біраз уақыт екінші елге өте алмай, қозғалыссыз тұратынын айтып шағымданды. Олардың сөзінше, CarGoRuqsat электронды кезек жүйесі бір өткізу пункті арқылы өтуге кезекте тұрған көлікті басқа кезекке қоймайды. Яғни, бір ай бұрын кезек алған кәсіпкер сол аралықта басқа өткізу пункті арқылы тауар өткізе алмай қалады.
Астанада «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ғимаратында сала мамандары мен мемлекеттік органдар өкілдері мәселенің мән-жайы келешекте қалай шешілуі мүмкін екенін талқылады, деп хабарлайды KursivMedia.
CarGoRuqsat кезек жүйесі қалай жұмыс істейді?
«Ақпараттық-есеп орталығы» АҚ вице-президенті Азамат Құрмановтың айтуынша, электронды кезек жүйесі 47 өткізу пунктінің 38-інде жұмыс істеп тұр. Мәселен Қытаймен арадағы 5 өткізу пунктінде іске қосылған, Өзбекстанмен – 4, Түрікменстанмен – 1, Ресеймен – 26, Қырғызстанмен арадағы 2 бекетте жұмыс істеп тұр. Бұл тәулігіне 14 мың автокөлікті өткізуге қабілетті.
«Қазір бізде негізгі жүктеме Қытай бағытынан байқалады, қалған елдер бойынша мәселе жоқ. Яғни, басқа елдерге кезекке тұрған күні өтуге болады. Қытай бағытында слот жетпеуі, ресурс шектеулі. Мәселен, «Нұр Жолы» пунктіне кезекке тек 6 маусымнан бастап тұруға болады. Оның өзі ақылы – 100 АЕК», – деді Құрманов.

Жиынға қатысқан кәсіпкердің бірі қазірге дейін ақылы кезекке тұрған көліктің көрсетілген уақытта өткізу пунктіне жете алмай қалған жағдайда ақшасы қайтарылмайтынын, бұл мәселе қалай шешілетінін сұрады.
Азамат Құрманов айтуынша, электрондық кезекті брондаудан түскен қаражат мемлекеттік бюджетке бағытталады. Ал қоланыстағы заңда мемлекетке түскен қаражатты қайтаруға қатысты бап жоқ. Бұл мәселе бюджет кодексі шеңберінде қаралады.
Қандай өзгерістер енгізіледі?
«Кәсіпкерлер Қытаймен арадағы бір өткізу пунктіне кезекке тұрған жағдайда басқа кезекке тіркелу мүмкін емес екенін айтып отыр. Бұл 50-100 көлігі бар ірі компаниялар үшін тиімді болуы мүмкін, бірақ шағын және орта бизнес те бар. Олардың 5-10 көлігі болуы мүмкін. Олар Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне және Өзбекстанға ғана қатынауы мүмкін. Мұндай жағдайда бір ай қозғалыссыз қалмауы үшін не істеуі керек?», – деп сұрады «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әмрин.

Азамат Құрманов айтуынша, келешекте енгізілуі мүмкін өзгерістер қатарында бұл мәселе қамтылған.
«Бір кезекке тұрған көліктің екінші кезекке тұра алмайтынына келсек, бұл Қаржы министрлігінің бұйрығымен бекітілген брондау ережелеріне енгізілген. Түзетулер аясында Қытай бағытында кезекке тұрған болса, басқа елге өткізуге кезекке тұру мүмкіндігі қарастырылған. Өзгерістердің мерзіміне келсек, алдымен бұл мәселені мемлекеттік органдармен, кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп қарастыру қажет», – дейді «Ақпараттық-есеп орталығы» вице-президенті.
Айтуынша, өзгерістер қатарында кезектен тыс және жедел түрде өткізуге қатысты қолданыстағы тәртіпті оңтайландыру да бар.
«Қазір жедел түрде кезектен тыс өткізуге болады. Соған 1 АЕК төлеп, қауіпті жүкті, сақтау мерзімі қысқа тауарды, жануарды және «Қазпоштаны» өткізуді қосуды ұсынып жатырмыз. Тағы бір өзгеріс – кепіл ретінде төленген жарнаны бұғаттау. Бір күннің статистикасына қарасақ, кезекке тұрған 26 көлік өткізу пунктіне келмеген, 55 көлік кезектке тұрудан бас тартқан, 5 көлік кезектің күшін жойған. Жалпы кезек алған 80 көлік өткізу пунктіне бармаған. Иә, көлік бұзылатын, уақытында жете алмай қалатын жағдай болады. Бірақ тәулігіне 60-80 көлік кезек бойынша бармаған. Ал босаған орын басқа көлікке берілмейді. Себебі бұрын тасымалдаушы кезекке тұрудан бас тарта алатын, бірақ айла-шарғы дерегі тіркелді. Басқа адамға кезектегі орнын сататын болды», – дейді Құрманов.
Айта кетейік, «CarGoRuqsat» жүйесі Қытаймен, Өзбекстанмен, Түркіменстанмен, Ресей Федерациясымен шекарада жұмыс істеп тұр. «CarGoRuqsat» мемлекеттік органдардың 18 ақпараттық жүйесімен біріктірілген, соның есебінен тасымалдаушылар айыппұлдар мен берешектердің болуы, тауарларды өткізу үшін тиісті құжаттарды ресімдеу қажеттілігі және т. б. туралы ақпаратты алдын ала алады.
Электрондық кезек жүйесін пайдалану үшін «CarGoRuqsat» қосымшасын немесе https://cgr.qoldau.kz/ru/start сілтемесі арқылы браузерді пайдаланып, қажетті өткізу пунктін таңдап, шекарадан өту күні мен уақытын көрсетіп, жүргізуші мен автокөлік туралы мәліметтерді толтыру қажет.