Шерзат ісі: сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынып жатыр

Талдықорған сотында Шерзат Полаттың қазасынан кейін айып тағылған сотталушы Нұрбол Тоқтаубаевтан жауап алынып жатыр, деп хабарлайды KursivMedia.
Оның сөзінше, 2024 жылы 3 қазанда Дархан Әскентай хабарласып, «Қамажай» дүкеніне келуін сұраған. Хабарласқан кезде өзін біреудің ұрғанын айтқан.
«Досың шот төлемеді» деді. «Мен ұрдым деді, артынан балам ұрды» деді. 1 000 теңге төлеуі керек екен, артығымен 1 500 теңге төледім. (…) Жолда досым ақша төлегенін айтып ақталды. Кикілжің ақшаға байланысты туған соң дүкенге қайта бардық», – деді Тоқтаубаев.
Нұрбол Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігінде (бұзақылық) көрсетілген әрекетті жасады деп айыпталып отыр.
Сотта ол Шерзат Полаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевты бірнеше рет тепкенін мойындады. Алайда қас қағым сәтте болғанын айтып, төбелес бастау туралы ойы болмағанын мәлімдеді.
Сондай-ақ Нұрбол Тоқтаубаев қайғылы оқиға болған күні Қаржаубай Нұрымовты сабырға шақырып жүргенін айтты.
«Мәселе ақшаға байланысты туғандықтан мен Қаржаубаймен дүкен ішінде сөйлесіп тұрғам. Төбелес сол кезде сыртта басталды. (…) Мылтықты алып келген Нұрқанат Ғайыпбаев болатын. Қараңғылау жерден шықты. Бізге айғайлады. Аспанға атты, біздің аяғымыздың астына атты. Оқ атылған кезде туған інім Азаматқа қарадым. Думан Ысқаққа көліктен шықпа дедім. Басқалардың іс-әрекетін байқамадым», – деді Тоқтаубаев.
Айтуынша, Нұрқанат Ғайыпбаевты бірнеше рет тепкен кезде сотталушы Дархан Әскентайдың алып кеткен.
Шерзат Полат ісі
Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.
Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ.
Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.
2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.
Сондай-ақ 2025 жылдың 28 сәуірінде Шерзат Полат қайтыс болған күні сотталушылармен бірге жүрген екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіден жауап алынды.
Сотталушыларға қандай айып тағылған
Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.
Равиль Сакиев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу);
Шыңғыс Белғожаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дархан Әскентай – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Нұрбол Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Азамат Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық);
Нұрқияс Ілиясов – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Дидар Қалиахмет – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);
Думан Ысқақ (2007 жылы туған) – қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру).