Қазақстан экспорты 12%-ға қысқарды

2025 жылғы қаңтар-наурыз айларында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 29,3 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7%-ға төмен. Атап айтқанда, экспорт көлемі 11,9%-ға қысқарып, 16,4 млрд долларды құраса, импорт 12,9 млрд доллар шамасында қалып, өткен жылғы деңгеймен теңесті.
Экспорттың қысқаруы елдің сыртқы сауда теңгеріміне елеулі әсер етті. Егер былтыр Қазақстан сыртқы нарықта жоғары табысқа ие болса, биыл бұл көрсеткіш төмендеп отыр. Негізгі экспорттық тауар – шикі мұнай мен битуминозды жыныстардан алынған мұнай өнімдері. Олардың үлесі 52,3%-ды құрайды.
Сонымен қатар экспортқа шыққан басты өнімдердің қатарында тазартылған және өңделмеген мыс (5,3%), мыс кендері мен концентраттары (4%), ферроқорытпалар (3,3%) және бидай (2,3%) бар.
ЕАЭО елдерімен сауда да төмендеді
Қазақстан мен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдері арасындағы өзара сауда көлемі 2025 жылдың алғашқы тоқсанында 6 млрд долларды құрап, 6,3%-ға азайды. Экспорт 11,3%-ға төмендеп, 2 млрд долларға жуықтады, ал импорт 4%-ға азайып, 4 млрд доллар шамасында болды.
ЕАЭО елдерімен саудадағы негізгі серіктес – Ресей. Бұл елге Қазақстанның ЕАЭО аясындағы жалпы саудасының 89,3%-ы тиесілі. Қалған үлесті Қырғызстан (7,3%), Беларусь (3,3%) және Армения (0,1%) бөлісіп отыр.
Экспорт пен импорт құрылымы
Импорттың негізгі бөлігін тұтыну тауарлары мен технологиялық өнімдер құрайды. Атап айтқанда, ең көп әкелінген тауарлар: жеңіл автокөліктер (3,9%), дәрілік заттар (3,1%), көлік құралдарына арналған шанақтар (2,9%), телефон аппараттары (2,3%) және автокөлік бөлшектері (2,2%).
Негізгі сауда серіктестері
Экспорт бойынша Қазақстанның негізгі сауда серіктестері – Италия (25,2%), Қытай (15,1%), Ресей (9,8%), Нидерланды (6,4%), Түркия (5,1%) және Өзбекстан (4,7%). Импортта болса, көш басында Ресей (29,1%) мен Қытай (26,8%) тұр. Оларды Корея Республикасы (4,4%), Германия (4,2%), АҚШ (3%) және Түркия (2,7%) жалғастырады.
2025 жылдың қаңтар-ақпан айында Қытайдан келетін тауар көлемі Ресей импортынан асып түскен.