Шерзат ісіндегі сотталушы Тоқтаубаев қандай әрекеті үшін 7 жылға сотталған – видео

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Шерзат ісінде сотталушылардан жауап алынып жатыр/фото: kursiv.media

Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жасөспірім Шерзат Полаттың қазасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 2025 жылдың 16 мамырында сотталушылардан жауап алынады, деп хабарлайды KursivMedia.

Сотталушы Азамат Тоқтаубаев мемлекеттік айыптаушының сұрақтарына жауап беріп жатыр. Сөзінше, қайғылы оқиға болған кезде пробациялық бақылауда болған.

«2023 жылы 14 желтоқсанда мені күдікті деп танып, Қылмыстық кодекстің 106-баптың 1-бөлігі (денсаулыққа аса зиян келтіру) бойынша екі айға қамауға алуға санкция берді. Талдықорғанда қамауда отырдым. Жәбірленуші менің бұл іске қатыстым жоқ екенін жазып берді. 2024 жылдың ақпанында үйқамаққа шығарды. Жаз бойы тергеу барысында Талғар ауданы полициясына барып жүрдім. Одан кейін ҚК 106-баптың 2-бөлігіне ауыстырды. 2024 жылдың 17 қазанында сот мені 7 жылға бас бостандығымнан айырды», – деді Азамат Тоқтаубаев.

Айтуынша, үкімге қарсы жоғары сатыдағы сотқа жүгінген. Ол істі де жеңіп, ақталып шығамын, деді Тоқтаубаев.

Айта кетейік, Азамат Тоқтаубаев Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігінде (ұрлық) көрсеткен әрекетті жасады деп айыпталып отыр.

«Ешкімді ұрмадым. Ажыраттым. Мылтық атылған соң қорқып тығылып қалдым», – деген ол беттестіру барысында.

Шерзат Полат ісі

Қылмыстық істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Дана Сәрсенбай мен Ержан Құрақбаев.

Сотталушылар қатарында 9 адам бар. Олар Абзал Шынасыл, Равиль Сакиев, Шыңғыс Белғожаев, Дархан Әскентай, Нұрбол Тоқтаубаев, Азамат Тоқтаубаев, Нұрқияс Ілиясов, Дидар Қалиахмет, Думан Ысқақ. 

Бұған дейін ішінде 4 адамның бұрын сотты болғаны айтылды. Сондай-ақ олар өздеріне тағылған айыпты мойындамады.

2025 жылдың 18 сәуірінде жәбірленушілерден жауап алынды. Бірінші болып Шерзат Полаттың әжесі сотта жауап берді. Одан кейін марқұмның анасы Гүлбара Бишембиевадан жауап алынды. Жәбірленуші Қаржаубай Нұрымов жанжалдың неден басталғанын айтып берді.   

Сондай-ақ 2025 жылдың 28 сәуірінде Шерзат Полат қайтыс болған күні сотталушылармен бірге жүрген екі әйел Эльмира Нұрбекова және Дана Жақсыгелдіден жауап алынды

Сотталушыларға қандай айып тағылған

Абзал Шынасыл Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бабы 2-бөлігі 5,9 және 14-тармағы (адам өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 1,7 және 9-тармағында (адам өлтіруге оқталу) көрсетілген қылмысты жасады деп айыпталып отыр.

Равиль Сакиев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі – 99-бабы 2-бөлігі 7 және 9-тармағы (адам өлтіруге оқталу);

Шыңғыс Белғожаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Дархан Әскентай – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Нұрбол Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Азамат Тоқтаубаев – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 188-бабы 1-бөлігі (ұрлық);

Нұрқияс Ілиясов – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Дидар Қалиахмет – Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық);

Думан Ысқақ (2007 жылы туған) – қылмыстық кодексінің 434-бабы (қылмысты жасыру). 

Сондай-ақ оқыңыз