QazaqGaz ұлттық компаниясы былтыр 30 млрд теңге шығынға ұшыраған

«QazaqGaz» ұлттық компаниясы 2024 жылы 30,2 млрд теңге көлемінде жалпы шығынға ұшырады. Бұл компанияның шоғырландырылған қаржы есептілігінде көрсетілген.
Жалпы шығынға қарамастан, компания 289 млрд теңге таза пайда тапқан. Бұл – өткен жылғы 325,8 млрд теңгемен салыстырғанда төмен нәтиже.
Ұлттық газ тасымалдаушының негізгі шығыны операциялық қызметтен пайда болған.
Есепке сәйкес, компанияның жиынтық активтері бір жылда 22%-ға өсіп, 4,32 трлн теңгеге жеткен. Ал жиынтық міндеттемелер 1,49 трлн теңгеге дейін ұлғайған (2023 жылы – 1,04 трлн теңге).
Компанияның жарғылық капиталы 2024 жылдың соңында 495,9 миллиард теңгеге жетіп, бір жылда 11 пайызға артты. Меншікті капитал да өсіп, 2,83 триллион теңгені құрады. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 13 пайызға жоғары көрсеткіш.
Активтердің тиімділігі (ROA) 6,7 пайыз болды, бұл өткен жылғы 9,2 пайызбен салыстырғанда төмен. Меншікті капитал табыстылығы (ROE) да 13 пайыздан 10,2 пайызға төмендеді. Ал сату табыстылығы (ROS) бір жылда 30,15 пайыздан 22,95 пайызға құлдырады.
«QazaqGaz» ұлттық компаниясының жалғыз акционері – «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры. Қор компанияның 100 пайыз акциясына иелік етеді.
Қазақстан үкіметі газ компаниясын 2026-2027 жылдары IPO-ға шығаруға ниетті.