
Байқасақ, қазір Z және Альфа ұрпақ өкілдері бұған дейін қалыптасқан көп түсінікті «төңкеріп» тастап жатыр. Соның ішінде табысты болу, жетістікке жету жайлы ойлары да ерекше. Ақша, лауазым, мансап дегендерді бүгінгі жастар басты орынға қоймайды. Олай болса, олар жетістік дегенді қалай түсінеді? Ол түсінік еңбек нарығына қалай өзгертіп жатыр? Бүгінгі материалымызда осы туралы айтамыз.
Табысқа қатысты түсінік өзгерді
Мысалы 90-жылдары, 2000-жылдары жетістік дегенде бірден көз алдымызға лауазым, қымбат көлік, зәулім үй келетін. Ал қазір ол түсінік өзгерген. 1997-2012 жылдар аралығында өмірге келген Z ұрпақ пен 2013 жылдан кейін туған Альфа ұрпақтың жетістікке қатысты түсінігі өзгеше. Олар бірінші кезекте өзінің тыныштығын, ішкі күйін ойлайды. Экологиялық көзқарастары қалыптасқан. Демек, оларға лауазымнан гөрі саналы өмір сүрген қолайлы. Неге олай?
Z және Альфа ұрпақтың көзқарасы өзгеруіне не әсер етті?
Экономикалық кризис, тұрақсыздық
Z ұрпақтың балалық шағы жаһандық дағдарысқа тап келді. Атап айтқанда, 2008 жылы қаржы дағдарысы болды, одан бергеректе COVID-19 пандемиясы мен саяси сілкіністер болды, болып та жатыр. Яғни бұл ұрпақ бұған дейін қалыптасқан «тұрақты» дүниелердің қалай «толқығанын» көрді. Алпауыт корпорациялардың ықпалы азайғанына куә болды. Сөйтіп олар дәстүрлі мансап жолынана күмәнмен қарап, өзін дамытатын басқа жолдар іздей бастайды.
Қызық дерек: Deloitte зерттеуіне қарасақ, Z ұрпақтың 55 пайызы ақшасы аз болса да, әлеуметтік миссиясы анықжерде жұмыс істегісі келеді екен.
Экологиялық қауіп
Z және Альфа ұрпақтары экологияға қатысты мәселелерге бей-жай қарамайды. Оны өте маңызды тақырып санайды. Тұрақты дамуға мән бермейтін, қоршаған ортаға зиян келтіретін жерлерде жұмыс істегісі келмейді. Олар осы өмірді жақсартуға үлес қосқысы келеді. Табыстың кілті сол деп есептейді.
- Мысалы: Аустралиялық Лиана есімдіTikTok-блогер өңделген материалдардан киім тігіп, жеке киім брендін жасаған. Ол жетістігін ақшамен емес, пластик тоннасымен есептейді. Яғни қоршаған ортаға тигізген үлесін бірінші орынға қояды.
Nielsen есебінде жас кәсіпкерлердің 73 пайызы қымбат болса да, экологиялық ұстанымы бар, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары брендтерден зат алғысы келетіні айтылған.
Әлеуметтік желі
Z және Альфа ұрпақ әлеуметтік желіні жай уақыт өткізетін жер деп емес, өзін дамытуға арналған құрал деп қарайды. Қазір қанша оқырманың болса, ықпалың да соғұрлым жоғары деп санайды.
- Кейс: Америкалық 16 жасар Трент YouTube-каналында қаржы сауаты туралы видеолар түсіреді. Алғашқы миллионын солай тапқан.
- Кейс: Бразилиялық Мария деген тиктокер психология мен ментал саулық туралы аккаунт жүргізеді. Бүгінде оның аудиториясы 2 миллионнан асады. Ал жарнамадан жылына 100 000 доллардай табыс табады.
Тенденция: 2024 жасалған зерттеуге қарасақ, 15-24 жас аралығындағылардың 65 пайызы фриланста не жеке кәсіппен айналысқысы келетінін айтқан. Яғни олар дәстүрлі компанияда істегісі келмейді екен.
Z және Альфа ұрпақ жетістік дегенді қалай түсінеді?
Ішкі комфорт оларға маңыздырақ
Яғни мансап пен жеке өмір арасында баланс болу керек. Күніне 10-12 сағаттап жұмыс істеп, сол үшін қызметте көтерілу оларға мақтан емес. Одан гөрі сол уақытты сүйікті ісіне арнап, ел көріп, жер танығанды қалайды.
Қызық дерек: PwC зерттеуіне сүйенсек, зумерлердің 69 пайызы ыңғайлы жұмыс кестесі мен қашықтан істейтін мүмкіндік үшін жоғары жалақыдан бас тартуға дайын екен.
Қоғамға пайдам тисе дейді
Байып, жағдайын жақсартуды ойлайтын миллениалдарға қарағанда зумерлер мен альфачтар болашақта артынан із қалдырғанды құп көреді. Олар үшін қоғамдық жобалардың басы-қасында жүріп, әлеуметтік бастамаларға мұрындық болу — нағыз жетістік.
- Малайзиялық 14 жасар Нура есімді қыз жағдайы төмен отбасыдан шыққан қыздарға бағдарламалауды үйрететін жоба ойлап тапқан. Ол IT-саласында әйелдердің үлесі көп болса дейді.
- Германиялық 12 жасар Ник дислексиясы бар балаларға мәтін мен қарпі бейімделген қолданба жасап шығарған. Осылайша ол дислексиктерге кітап оқуға көмектесіп жатыр.
Қызық дерек: McKinsey мәліметінше, 25 жасқа дейінгілердің 72 пайызы әлеуметтік маңызы бар жобада жұмыс істегісі келетінін айтқан.
Жеке брендін дамытсам дейді
2019 жылдан бері қарай әлем бойынша блогер, инфлюенсер, контент-криейторлар көбейіп келеді. Яғни Z және Альфа ұрпақ әлеуметтік желіні еріккеннің ермегі емес, кәдімгідей толыққанды кәсіп қылғысы келеді деген сөз. Олар қызығушылығына сай бағыт тауып алып, бренд қалыптастырып, курстар жасап, содан ақша тауып жатыр.
- Кейс: Ұлыбританиялық 21 жастағы Айдан өнімділік пен тайм-менеджмент туралы видеолар жасап, айына 50 000 доллар табыс тауып отыр.
- Кейс: Канадалық 13 жасар Лила болса, дижитал онлайн арт-курстар ұйымдастырып, бір жылда 250 000 доллар тапқан.
Тренд: 2025 жылы дижитал контент нарығы бұдан әрі дамып, 45 пайызға артуы мүмкін деген болжам бар.
Қандай челленждер күтіп тұр?
Брендтер зумер және альфа ұрпақтардың ұстанымына сай бейімделуі керек. Атап айтқанда:
- 8 сағаттық жұмыстан гөрі, өнімді жұмысқа мән беру керек. Соған байланысты икемді әрі ыңғайлы жұмыс кестесін ұсынған жөн. Қашықтан істеуге мүмкіндік берілсе, құба-құп.
- Экологияға қамқор компания болмаса, зумерлер мен альфачтарды ешкім байлап ұстап тұра алмайды.
- Z және Альфа ұрпақтар қызметкерлерінің дамуына оң қарайтын жерлерді таңдайды. Компания ішінде жеке жобасын жүргізуге мүмкіндік берсе дейді. Оларға бастық болған маңызды емес.
Қызық дерек: Gallup есебінде зумерлердің 87 пайызы жұмыс орнында білімі мен дамуына инвестиция құйылса ғана жұмысын жалғастыруға дайын екені айтылған.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін жемісті мансап жасауға көмектесетін Gallup тесті туралы жазғанбыз.