Люкс авто шығаратын Aito қытай компаниясы BMW мен Mersedes-ті басып озды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Aito M9 жол талғамайтын автомобиль саудасы қызып тұр / фото: REUTERS/Go Nakamura
Aito M9 жол талғамайтын автомобиль саудасы қызып тұр / фото: REUTERS/Go Nakamura

Қытайдың шағын ғана Seres Group компаниясы төрт жылдың ішінде люкс автомобильдер сатудан BMW, Mercedes секілді автогиганттарды басып озды. Оның Aito бренді жақсы сатылып жатыр.

Bloomberg мәліметінше, Бұған дейін DFSK Motor деген атпен белгілі Seres 2021 жылы Huawei технология гигантымен бірігіп, Aito брендімен электромобиль, гибрид көліктер шығара бастады. Содан бері Seres жоғары өрлеп келеді. Компания өнімдерінің саудасы үш жылда үш есе көбейді. 2024 жылы ол 427 мың автомобиль сатты. Ал Seres-тің Шанхай биржасындағы акциялары 120%-ға көтерілді.

Компания Aito M9 жол талғамайтын автокөлігінің арқасында Қытайда ең көп қымбат өнім сататын кәсіпорынға айналды. ThinkerCar консалтинг компаниясының мәліметінше, былтыр ол шамамен 151 мың қымбат автомобиль сатқан. Сөйтіп Seres премиум-класс санатындағы өнім сатудан BMW мен Mercedes-тің өзін артта қалдырды.

M9 автокөлігінің құны – 509 800 юань (шамамен 36 млн теңге) тұрады. Оған Huawei-дің Harmony операциялық жүйесі орнатылған.

«Aito-ның бүгінгі жетістігін нарықтың бізді мойындағанын, тұтынушылардың біздің өнімді таңдағанын көрсетеді», – дейді Seres төрағасы Чжан Синхай. Оның мәлімдемесін Bloomberg таратты.

Компания 2025 жылдың басында M8 автомобилін таныстырған. Ол да жол талғамайтын автокөлік, бірақ көлемі M9-ге қарағанда сәл кішірек.

Әлемдегі автокомпаниялардың бәрі Қытайдың ірі нарығын жаулап алуға тырысады. Алайда кейінгі жылдары жергілікті автоөндірушілер олардың көбісін ығыстырып шығарып жатыр. Мәселен, премимум-класс санатындағы қымбат көліктер шығарумен айналысатын Porsche компаниясының өзі Қытайдағы бәсекеге шыдай алмады. Компания өнімдерінің саудасы 42%-ға төмендеді. Осының өзі Қытай нарығында шетел автомобильдеріне орын қалмай бара жатқанын аңғартты.

Сондай-ақ оқыңыз