Жезқазғандағы ауызсу тазарту құрылысын жаңалауға 1,8 млрд теңге бөлінеді

Жезқазғандағы шаруашылық-ауызсу тазарту құрылыстарын жаңалауға бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінеді. Премьер-министр Олжас Бектенов арнайы қаулыға қол қойды.
«Қаражат шаруашылық-ауызсу тазарту құрылысын жаңғыртуға мүмкіндік беретін мембраналық жабдықты орнату арқылы қуаты тәулігіне 124 мың м3 қолданыстағы тазарту құрылыстарын толық реконструкциялау жобасының екінші кезегін жүзеге асыруға бағытталды», – деп жазылған үкімет сайтындағы ақпаратта.
Өңірді сумен қамтамасыз ету Кеңгір су қоймасы арқылы өтеді. Бұл нысан – елдегі ірі су қоймаларының тізіміне кіреді. Көлемі – 319 млн текше метр.
Бұған дейін су қоймасы «Қазақмыс» корпорациясына тиесілі болған еді. Осы жылы ақпанда Бас прокуратура гидротехникалық құрылысты сыйға тарту негізінде қайтадан мемлекет меншігіне қайтарды. Бірақ қазіргі жағдайы мәз емес. Бұл инфрақұрылым алпысыншы жылдары қолданысқа берілген, шамамен 90%-ға жуығы тозған. Сәйкесінше, тұрғындар сапасы нашар, иістенген ауыз суды пайдалануға мәжбүр.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков 2027 жылдың соңына дейін жүз пайыз жер асты су қорымен қамтылады деген уәде берген.
Айта кетейік, дәл осылай Қызылордадағы тозған жылу қазандықтарын жаңарту үшін бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінді. Қазір қаладағы Оңтүстік қазандықтың негізгі жабдықтары әбден ескірген, қуат резерві жоқ.