ҚазАвтоЖол басшысы: Қазақстанның жолдары Қытайдың жолдарынан кем емес

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
ҚазАвтоЖол басшысы: Қазақстанның жолдары Қытайдың жолдарынан кем емес
ҚазАвтоЖол басшысы: Қазақстанның жолдары Қытайдың жолдарынан кем емес/Фото: Видео кадры

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев «Jibek Joly» телеарнасындағы «Уәде» бағдарламасында сұхбат берді. Сұхбат барысында Қазақстандағы ақылы жолдарға байланысты пікір білдірген.

Ол сұхбат барысында елдегі ақылы жолдардың бағасы ұзақ уақыт бойы бір шамада болғанын атап өткен.

«Елімізде ақылы жолдар 2013 жылдан бастап енгізілді. Содан бері бағасы көтерілген жоқ. 1 теңге = 1 шақырым болды. 2023 жылы 20%-ға қымбаттады. Содан кейін міне, биыл тағы орташа 27-28%-ға қымбаттады. Енді нақты айтсақ, жеңіл көліктерге 1 теңге болса, қазір әр нысанға байланысты 2-3 теңге. Ауыр жүк көліктерге 32 теңге болды. Қазір 36,7 теңге көлемінде. Сол жалпы орташа есеппен 27-28%-ға ұлғайды», – деген ол.

Оның сөзінше, бұл тариф көрші елдерге қарағанда едәуір төмен.

«Басқа елдермен салыстырғанда, мәселен, Ресей мен Беларусьте ақылы жолдардың бағасы жеңіл көліктерге шақырымына 7 теңге. Беларусьте, қателеспесем, 20 теңге. Жүк көліктері үшін Ресейде – 60-70 теңге шамасында, Беларусьте – 70-80 теңге көлемінде. Ал Польша мен Қытайды алсақ, оларда 90-250 теңге аралығында», – дейді Дархан Иманашев.

«ҚазАвтоЖол» ҰК» төрағасының сөзінше, қазақстандық ақылы жолдардың сапасы шетелдік магистральдардан кем түспейді.

«Біздің ақылы жолдарымыз, магистральдарымыз одан кем емес деп ойлаймын. Өйткені Қытайда биыл қыста болдым, жолдарын толық көрдім. Технология бір, бірақ ең мағыналы мәселе – күтіп-ұстау жұмыстары. Уақытымен жөндеу жасау, тазалау мәселесі бізде қиындау болып тұр«, – дейді ол.

Бұған дейін, «ҚазАвтоЖол» орташа жылдамдықты бақылау жүйесі қосылған соң, жол апаты азайғанын мәлім еткен.

Бүгінде елде 20 ақылы жол бар. Алғашқы тоқсанда автокөліктер олармен 12 млн рет жүріп өткен.

Сондай-ақ оқыңыз