Сот Ерлан Қожағапановты не себепті 3 жылға бас бостандығынан айырғанын түсіндірді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Қожағапанов неге үш жылға сотталды/коллаж kursiv.media

Ерлан Қожағапанов 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Қанат Тобағалиұлы не себепті бұрынғы мәдениет және спорт вице-министріне мұндай үкім шығарғанын түсіндірді, деп хабарлайды KursivMedia.

«Сот Қожағапановтың мәдениет және спорт вице-министрі бола тұра, мемлекет басшыларының қатысуымен іс-шаралар өткізу кезінде лауазымды тұлға ретінде қызметтік жағдайын пайдаланып, бағасы қымбаттатылған сметаны бекіткенін анықтады. Өзі жетекшілік ететін комитетке шарт жасасу және орындалған жұмыстар актісіне кедергісіз қол қою және аса ірі мөлшерде мемлекетке ірі көлемде шығын келтірген қаражатты төлеуге нұсқау берген», – деді судья Қанат Тобағалиұлы.

Сот шығарған үкімге сәйкес, Ерлан Қожағапанов Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік қызмет атқара алмайды.

«Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы санкциясы мүлкін тәркілеп, белгілі бір лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айырып, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды не осы мерзімге бас бостандығын шектеуді көздейді. Қожағапановтың сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағанын ескере отырып, сот 3 жыл түріндегі нақты бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», – деді сот.

Үкімге сәйкес, 2024 жылдың 1 наурызынан басталған қамауда ұстау уақытының бір күні қауіпсіздігі орташа қылмыстық атқару жүйесі мекемесіндегі бір жарым күнге теңестіріледі.

Қожағапанов 2017-2019 жылдары мәдениет және спорт вице-министрі болған, 2019-2021 жылдары Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. 2021 жылы қайта мәдениет және спорт вице-министрі болып тағайындалған. 

Істің мән-жайы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ерлан Қожағапановты 2024 жылдың наурызында ұстаған. Ол Алматыда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Ерлан Қожағапанов «SUCCESS K» стратегиялық коммуникациялар агенттігінің бас директоры Ләззат Көккөзовамен бірге 2018 жылы Петропавлда Қазақстан мен Ресейдің 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумы көрмесін ұйымдастыру кезінде 1 млрд теңгені жымқырды деп айыпталған.

Агенттік хабарлауынша, 2018 жылы Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының 15-ші өңіраралық ынтымақтастық форумының көрмесін ұйымдастыру бойынша шарт жасаған кезде форумды өткізу үшін жасалған сметада бағаны екі есе өсіріп көрсеткен. Бұл өз кезегінде бюджет қаражатының негізсіз жұмсалуына әкелген.

Іс бойынша мемлекеттік айыптаушы Ерлан Қожағапановты Қылмыстық кодекстің 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша кінәлі деп тауып, 7 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Сондай-ақ оқыңыз