Маңғыстауда халықаралық деңгейдегі жаңа курорт салынуы мүмкін

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Маңғыстау донор аймақтан, бюджетке тәуелді аймаққа айналып келеді
Маңғыстауда жаңа курорт салынуы мүмкін / фото: архив kursiv.media

Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында халықаралық деңгейдегі жаңа курорттық аймақ бой көтеруі мүмкін. Бұл бастама Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мен Әзірбайжандағы әйгілі Sea Breeze Resort кешені арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында талқыланды.

Баку қаласында өткен кездесуде екі тарап тұрақты туризм мен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту жөніндегі маңызды құжатқа қол қойды. Жобаға белгілі әзірбайжан кәсіпкері әрі Sea Breeze жобасының негізін қалаушы Эмин Агаларов та қызығушылық танытты.

Меморандум туризм саласындағы инновациялық шешімдер мен зерттеулерден бастап, нақты инвестициялық жобаларды іске асыру мен бірлескен іс-шаралар ұйымдастыруға дейінгі бірнеше бағытты қамтиды.

Sea Breeze – Каспийдің жағалауында

Келіссөздердің басты тақырыбы – Маңғыстау жағалауында Sea Breeze стиліндегі жаңа курорт салу мүмкіндігі болды. Қонақүй, тұрғын үй және рекреациялық аймақтарды біріктіретін мұндай кешен Қазақстанның туристік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтермек.

Болашақ локациялар ретінде екі аймақ қарастырылып отыр:

  • Табиғаты ерекше Кендірлі жағажайы
  • Туристер арасында танымал Жылы жағажай

Эмин Агаларов Қазақстанға келеді

Эмин Агаларов жақын арада Маңғыстауға жеке сапармен келуді жоспарлап отыр. Кәсіпкер ұсынылған аумақтарды аралап, жобаның техникалық және табиғи мүмкіндіктерімен танысады.

Бізде екі маңызды мақсат бар: Қазақстан мен Әзірбайжан арасындағы туристік байланысты арттыру және Каспий теңізінің қазақстандық жағалауында заманауи курорт құру, — деді Агаларов.

Sea Breeze кешенінің тәжірибесі

Қазақстандық делегация Баку маңындағы Sea Breeze жобасымен танысып қайтты. Қазіргі уақытта бұл кешен: 500 гектар аумақты, 7 шақырым жағалауды қамтиды. Құрамында тұрғын үйлер, қонақ үйлер, мектептер, балабақшалар, медициналық мекемелер және демалыс аймақтары бар.

Болашақта кешен 1300 гектарға дейін кеңейіп, жағалау ұзындығы 22 шақырымға жетеді деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз