Офшорда жатқан қаржыны қайтару үшін Қазақстанда салық амнистиясы жариялана ма?

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
салық төлемеу
Офшордағы қаржыға салық төлемеуге бола ма/Фото: shutterstock, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан шетелге кетіп қалған қаржыны елге қайтару мәселесін тағы да көтеріп отыр. Осыған орай «Ақ жол» фракциясының депутаттары Премьер-министр Олжас Бектеновке арнайы сауал жолдаған. Депутаттар елден шығарылған капиталды қайтару үшін салық амнистиясын өткізуді ұсынып отыр.

Премьер-министр жауабында бұл ұсынысты жоққа шығармағанымен, мәселені жан-жақты зерттеу қажет екенін айтқан.

«Офшорлық аймақтардан және басқа да шетелдік юрисдикциялардан капиталды қайтару үшін рақымшылық жариялау – елдің қаржылық тұрақтылығын күшейтудің және инвестициялық әлеуетін арттырудың бір жолы. Бірақ бұл – өте күрделі және салмақты қадам», – деді Бектенов.

Бұған дейін амнистия үш рет жүргізілді

2001–2014 жылдар аралығында Қазақстанда капиталды жария ету үш кезеңде өтті. Оның нәтижесінде бюджетке 6,674 трлн теңге түскен:

  • Бірінші кезеңде – 70 млрд теңге
  • Екінші кезеңде – 904 млрд теңге
  • Үшінші кезеңде – 5,7 трлн теңге

Бұл цифрлар мұндай шараның тиімді болуы мүмкін екенін көрсетеді. Алайда Бектенов қазіргі жағдайда бірқатар қауіп-қатерлер бар екенін ескертті.

Неліктен бұл мәселе күрделі?

Премьер-министр салық амнистиясын жүргізу кезінде бірнеше маңызды факторды ескеру қажет екенін айтқан: кейбір активтер ұйымдасқан қылмыстық топтарға немесе есірткі, терроризм сияқты ауыр қылмыстармен байланысты болуы мүмкін;

Оған қоса, шетелде орналасқан активтерге қатысты халықаралық шарттарды бұзбау керек, әйтпесе халықаралық төрелік соттарда даулар туындау қаупі бар.

Қандай жұмыс жүріп жатыр?

Бүгінгі таңда Қазақстан шетелдегі активтерді ерікті түрде жариялау тетіктерін қолдануда. Мұндай механизмдер салықтық жеңілдіктермен қатар жүреді.

2024 жылы Қазақстан 89 елмен, соның ішінде 26 оффшорлық юрисдикциямен салық ақпаратын алмасқан. Бұл — капиталды заңсыз шығаруға қарсы тиімді құралдардың бірі саналады.

2026 жылдан бастап Қазақстанда бақыланатын шетелдік компанияларға салық салу қағидалары енгізіледі. Бұл да капиталды қайтаруға ықпал етеді деп күтілуде. Қазір салық амнистиясы жариялана ма, жоқ па – ол нақты шешілмеген. Бірақ үкімет бұл мәселені қарастырып жатқаны сыңайлы.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Азат Перуашев  жемқорлыққа қатысты сотталған шенеуніктердің шетелге шығуына мүлде тыйым салуды ұсынған.

Сондай-ақ оқыңыз