Ұлттық қорға тікелей салық төлейтін мұнай компанияларының саны 8,5 есе қысқарған

2024 жылы Ұлттық қорға түсетін қаражат көлемі айтарлықтай азайған. Ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке түсетін трансферттер көлемі керісінше артқан. Бұл туралы Мәжілісте Жоғары аудиторлық палата өкілі Нұрлан Нұржанов айтты.
Трансферттер артқан
Аудиторлық палатаның мәліметінше, Ұлттық қор активтері 2024 жылдың қорытындысы бойынша ЖІӨ-ге шаққандағы пайыздық қатынасы небәрі 20%-ды құраған.
«Бұл – соңғы 15 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Жалпы Ұлттық қордың қаражаты республикалық бюджеттің орта есеппен 30%-ын, оның ішінде 2024 жылдың ішінде 23%-ын қамтамасыз етті. Ұлттық қорға 2024 жылы түскен салық түсімдері 3,8 трлн теңгені құраса, өз кезегінде республикалық бюджетке түсетін трансферттер 5,6 трлн теңгені құрап, 40%-ға өсіп отыр», – деді Жоғары аудиторлық палата өкілі.
Салық төлейтін компаниялар азайды
Сондай-ақ өткен жылы Ұлттық қорға басқарудан түскен инвестициялық кіріс 5 трлн теңгені құраған. Нәтижесінде 2024 жылы Ұлттық қор қаражатының жалпы оң балансы қамтамасыз етілген.
Алайда 2024 жылы Ұлттық қорға түсетін тікелей салықтар 2023 жылмен салыстырғанда 16%-ға төмендеген. Бұған Ұлттық қорға тікелей салық төлейтін мұнай ұйымдары тізімінің 8,5 есе қысқаруы себеп болған. Мұнай компанияларының саны өткен жылы 204-тен 24-ке дейін азайып, қорға 166 млрд теңге түспей қалған.
Нұржанов осылай жалғаса берсе, Ұлттық қордың активтерін 2030 жылы 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарын орындау қиынға соғатынын айтты.
Ұлттық қордан алынатын қаражатты шектеу
Айта кетейік, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферттерден бөлек, нысаналы трансферттер көлемі де артқаны парламентте жиі талқыланады. Ұлттық экономика министрлігі қордан қаражат алуды азайту мәселесін қарастыратынын үнемі айтады. Мәселен, 2024 жылдың қараша айында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров нысаналы трансферттердің көлемін бюджеттік қағидаларға сәйкес шектеу туралы мәселені қарастырып жатқанын айтқан болатын.
Алайда Ұлттық қордан 2025 жылы 2 трлн теңге кепілдендірілген, 3,25 трлн теңге нысаналы трансферт бөлінеді.