Оқушылардың жыныстық тәрбиесіне негізінен ата-ана жауапты – Ғани Бейсембаев

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Гани Бейсембаев
Ғани Бейсембаев мектептерде жыныстық тәрбие туралы сабақ енгізілмейтінін айтты / Фото: Аскар Ахметуллин, бильд-редактор: Милош Муратовский

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев оқушылардың жыныстық тәрбиесіне мектептен гөрі ата-аналар көбірек жауапты деп санайды. Бұл туралы министр Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте айтты.

Алматы облысында болған оқиға

Журналист брифинг барысында 14 жастағы оқушы қыздың домбырадан үйрететін ұстазбен жыныстық қатынасқа түскені туралы оқиға қоғамды дүр сілкіндіргенін айта келе, бұл мәселе министрлік тарапынан қалай реттелетінін сұрады.

«Біз бұл оқиғаға қатысты жедел әрекет еттік. Балаларды қорғау бойынша комитет істі өз бақылауына алды. Оқиға Алматы облысында тіркелген. Ер адам ешқашан мектепте сабақ бермеген. Десе де, бұл жағдай ешкімді жауапкершіліктен босатпайды. Тергеу жүріп жатыр», – деді министр.

Жыныстық тәрбие жөнінде сабақ енгізіле ме?

Министр мектептерде жыныстық тәрбие жөнінде сабақ енгізу мәселесі қарастырылмайтынын айтты. Айтуынша, жыныстық тәрбиеге көбінде ата-аналар жауапты.

«Бірінші кезекте ата-аналардың жауапкершілігін арттыру керек. Бұл мәселе отбасында айтылуы керек. Сол үшін біз ата-аналарды педагогикалық қолдау орталығын аштық. Ол жерде психологтар ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты өз кеңесін береді. Әрине, мектеп тәрбие мәселесінде жауапкершіліктен қашпайды. Бірақ барлық жауапкершілікті мектепке жүктеп қоюға тағы болмайды», – деді министр.

Айта кетейік, мектеп оқушыларының жыныстық зорлыққа тап болғаны туралы бірнеше жағдай тіркелді. Мәселен, жақында Қызылордада оқушы қызды құлдықта ұстағандарға қатысты сот үкімі шықты.

Ал сәуірде Семейде 7-сынып оқушысын зорлаған мұғалім өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Сондай-ақ оқыңыз