Британдық мұнай компаниясы өндірісті арттырғанымен табысы азайған

Ұлыбританияда тіркелген Nostrum Oil & Gas компаниясы Қазақстанда мұнай өндірісін ұлғайтты. 2025 жылдың алғашқы үш айында компания тәулігіне 16,8 мың баррель мұнай баламасын өндірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 41%-ға көп.
Өндірістің өсуіне қарамастан, компанияның табысы азайды. Түсім 30 млн доллар болды. Бұл 2024 жылдың бірінші тоқсанындағы 31,8 млн доллардан төмен. Себебі – тоқсан соңында шикі мұнай қоймада қалып, мамырда ғана сатылған. Сонымен бірге әлемдік мұнай бағасы да төмендеп кеткен: Brent маркасының орташа бағасы бір баррельге 75,9 доллар, былтыр – 82,91 доллар болған.
Компания басшысы Арфан Хан:
«Жаңа ұңғымалар мен өңдеу қуаты өндірісті ұлғайтты. Бұл – жақсы бастама. Енді біз жаңа жобаларға дайындалып жатырмыз», – деді.
Компания енді Батыс Қазақстанда орналасқан «Дала барысы» кен орындарын игеруге кіріспек. Бұл жобаны «ҚазМұнайГаз», MOL Group және FIOC-Sinopec бірлесіп іске асырады. Өндіріс 2026 жылдың соңында немесе 2027 жылы басталуы мүмкін.
Қаржы көрсеткіштері қандай
Компанияның EBITDA көрсеткіші (салық, пайыз және амортизацияны есепке алмағанда таза пайда) 10,9 млн долларды құрады, бұл былтырғыдан 2,8%-ға жоғары.
Алайда компанияның таза қарызы да ұлғайып, 2025 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша 440 млн долларға жетті.
Компанияның негізгі өндірістік активі – Батыс Қазақстан облысындағы Чинарев кен орны. Бұл кен орындағы жұмыстарды «Жайықмұнай» компаниясы жүргізеді. Ол – Nostrum Oil & Gas-тың толық меншігіндегі еншілес ұйым.
Компания 2024 жылы 137,1 млн доллар табыс тапқан. Операциялық қызметтен түскен таза ақша ағыны 2024 жылы 33,1 млн долларды құрап, «Чинаревское» кен орнындағы бұрғылау мен «Дала барысы» кен орынын бағалау жобасының басым бөлігін қаржыландыруға мүмкіндік берген.