Байқоңыр мен Семейден халық көшіп жатыр

Қазақстанның үш қаласынан халық жаппай көшіп жатыр. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап, Бірінші кредиттік бюро хабарлады.
Халық саны азайып жатқан негізгі үш қала
Бюро мәліметінше, 2024 жылдың 1 сәуірінен 2025 жылғы 1 сәуіріне дейінгі аралықта республикалық және облыстық маңызы бар 41 қаланың 20-сында халық саны азайған.
Адам саны азайып кеткен қалалар ішінде ірі мегаполис Алматының іргесінде тұрған Қонаев көш бастайды. Бір жыл ішінде қала тұрғындарының саны 8,2%-ға азайып, 65,9 мың адамды құраған.
Екінші орында Семей қаласы тұр. Шаһардан бір жыл ішінде тұрғындарының 5,1%-ы кетіп, 314,1 мың адам қалған. Ресей жалға алған Байқоңыр қаласында да дәл осындай динамика сақталған. Мұнда халық саны бір жылда 3,6%-ға дейін қысқарып, 32,4 мыңды құраған.
Үшеуінің ішінде халық саны тұрақты түрде азайып жатқан қалалар – Семей мен Байқоңыр.
Ал Приозерск, Курчатов, Арқалық секілді шағын қалаларда бұл көрсеткіш -2,3%, -2,7%-ды құрайды. Бұл қалаларда жалпы алғанда 57,7 мың адам тұрады.
Халық қайда көшіп жатыр?
Осы орайда «халық қайда кетіп жатыр?» деген орынды сұрақ туындайды. Бірінші кредиттік бюро мәліметінше, көпшілік ірі қалаларды таңдайды. Халық көп қоныстана бастаған қалалар ішінде Астана мен Алматы көш бастайды деп топшылауға болады. Алайда, олай емес. Халық саны артқан қалалар ішінде жақында ғана қала статусы берілген Қосшы бірінші орында тұр.
«Елордадан 20 шақырым қашықтықта орналасқан қала халқы бір жылда 8,3 пайызға өсіп, 61,5 мың адамға жетті», – деп хабарлайды бюро.
Одан кейінгі орында халық саны бір жыл ішінде +6,9% артқан Астана тұр. Қазіргі таңда қала халқының саны 1,55 млн адамды құрайды. Ал үшінші орынға +4,4% көрсеткішпен Түркістан қаласы орналасқан. Бұл қалада бүгінде 240,3 мың адам тұрады.
Елдің мегаполисі саналатын Алматы халқының саны бір жыл ішінде 2,7%-ға артып, 2,3 млн адамға жеткен. Дәл осындай өсім Шымкент қаласында да байқалған.
Осы орайда айта кетсек, Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елден көшіп кетушілер азайып, келушілер саны артқан. Мәселен, 2024 жылы Қазақстанға сырттан 29 282 адам тұрақты тұру үшін өшіп келген болса, өзге мемлекетке 12 732 қазақстандық қоныс аударған.