Құс етін өндіретін компания субсидия ала отырып, өнім бағасын қымбаттатқан

Жоғары аудиторлық палата мемлекеттік аудит нәтижесінде құс етін өндіретін шағын кәсіпорындарға мемлекеттен қолдау алуға бөгет жасайтын кедергілерді анықтағанын хабарлады.
Аудитті Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жүргізген.
Оның нәтижесінде шағын өндірушілердің мемлекеттен қолдау алуына кедергі келтіретін күрделі рәсімдер, өтінім беру мерзімдерінің тығыздығы мен талап етілетін құжаттар топтамасының көптігі сияқты тосқауылдар анықталған. Нәтижесінде нақты өндірістік әлеуеті бар көптеген компания іс жүзінде қолдау ала алмаған.
«Бұдан бөлек, субсидия алған кейбір өндірушілердің түпкілікті бағасы мемлекеттік қолдау алмағандарға қарағанда жоғары болғаны анықталды. Ахуалды жақсарту үшін Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігіне тиісті ұсынымдар жолдады», – делінген палата хабарламасында.
Жоспардан тыс талдау 2024 жылы Қазақстанда 358,7 мың тонна құс еті өндірілгенін, оның 42 мың тоннасы экспортқа шығарылғанын көрсеткен. Ал импорт көлемі 135,7 мың тонна болған, яғни ішкі нарық импорттық өнімге әлі де жоғары деңгейде тәуелді.
Бұған дейін, «Даму» қоры қаржы тапшылығына байланысты Алматы қаласындағы кәсіпкерлерді қолдауды шектегені хабарланған.
Ал оны алдында отандық миллионерлер өз бизнесі арқылы жеңілдетілген несие алғаны әшкереленген.