Депутат Ардақ Назаровтың отбасы азық-түлікке айына 50 мың жұмсайды

Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров кулуарда журналистерге отбасылық бюджеті жайлы айтты. Оның сөзінше, айына отбасы азық-түлікке 50 мың теңгеге дейін қаражат жұмсайды.
«Ет ауылдан келеді. Ал енді азық- түлікке көп ақша жұмсамаймыз, өйткені біз көп тамақ жейміз деп айта алмаймын. Қарапайым дастарқан, нанымыз бар, шәйіміз бар. Енді жақсылап алатын болсақ, 30-40-50 мың теңге айналасында шығар», – деді ол Qaz365 тілшісіне.
Бірақ көпшілік бұл бағаға келіспейтін тәрізді. Видео астына желі қолданушылары «бұл ақша бір рет дүкенге кіріп шығудан артылмайтынын» жазып жатыр.
Депутаттың сөзіне елдегі экономикалық жағдай қайшы болып тұр. Сәуірде елдегі жылдық инфляция 10,7%-ға өсті. Ең жоғары инфляция Астанада тіркелді. Азық-түлік бағасы да көтеріліп барады. Бір ай ішінде Астанада азық-түлік 8,5%-ға қымбаттаған.