Биткоин құны 111 мың доллардан асты

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Биткоин қымбаттап жатыр / фото: Shutterstock
Биткоин қымбаттап жатыр / фото: Shutterstock

Әлемдегі ең ірі криптовалюта – биткоин құны 111 мың доллардан асты. Осылайша BTC бір айдың ішінде 46%-ға күшейді.

Сәуірде криптовалюта құны әлемдегі сауда соғысы мен АҚШ президенті Дональд Трамп тарифтеріне байланысты төмендеген. Енді криптовалютаға жайлы уақыт туған сәтте оның бағасы қайта көтерілді.

Биткоинның көтерілуіне бірнеше жайт әсер етті. Осы аптада АҚШ сенатына стейблкоиндерді реттеу жөніндегі заң жобасы түсті. Демократтар құжатты ұзақ уақыт өткізбей отырған. Себебі олар мұндай заңнан Трамптың отбасы көп пайда табады деп есептейді.

Заң жобасын криптовалюта саласының өкілдері қолдайды. Өйткені құжат Құрама Штаттарда биткоин резервін құруды көздейді.

2025 жылғы наурызда Трамп стратегиялық криптовалюта резервін құру керек деп мәлімдеген. Крипто саласындағы ірі компаниялардың дені кезінде АҚШ президентінің сайлауда екінші мәрте жеңіске жетуіне көмектескен. Бұған қоса, Құрама Штаттарда криптовалюта жөніндегі алғашқы саммит 7 наурызда Ақ үйде өткен.

Сондай-ақ оқыңыз