Қазақстанда криптовалюта айырбастау платформалары пайда болады

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Қазақстан цифрлы активтер айналымын дамытуды қолға алды / фото: shutterstock
Қазақстан цифрлы активтер айналымын дамытуды қолға алды / фото: shutterstock

Қазақстанда цифрлы активтер айналымын жүйелі түрде реттеуге бағытталған заң жобасы әзірленді. Болашақта елде криптовалюта айырбастау платформалары пайда болады.

Ұлттық Банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, цифрлы активтер туралы заң жобасын Сенат биыл шілдеде қабылдауы мүмкін.

Шолпанқұловтың мәліметінше, бір ғана 2024 жылы Қазақстан азаматтары заңсыз жолмен 15 млрд долларды криптовалютаға жұмсаған. Енді республика азаматтары мұндай операцияларды заңды түрде жүзеге асыра алады.

Заңнамаға түзетулерді Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі дайындаған. Бүгін 22 мамырда олардың өкілдері брифинг өткізіп, елде цифрлы активтер экожүйесін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар туралы баяндады.

Цифрлы қаржы активтері

ҰБ Төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашықбеков цифрлы қаржы активтерін (ЦҚА) айналымға енгізу әдісін түсіндірді. Оның айтуынша, цифрлы қаржы активтерінің үш түрі бойынша құқықтық база әзірленіп, жіктелуі айқындалды:

  • ақшамен қамтамасыз етілген стейблкоин;
  • ақшаны есепке алмағанда, қаржы құралдары мен қаржы активтеріне құқықты куәландыратын ЦҚА;
  • дәстүрлі қаржы құралдарының (облигациялар, акциялар, вексельдер) цифрлық баламасы.

ЦҚА шығаруды, есепке алуды және олардың айналымына қызмет көрсетуді ұйымдастыру үшін инфрақұрылымдық ұйым тағайындалады. Бұл қызметті Орталық депозитарий мен Қазақстан қор биржасы атқаруы мүмкін.

Криптовалюта айырбастау платформалары

Бұған қоса республикада криптовалюта айырбастау платформалары пайда болады. ҰБ өкілінің айтуынша, осылайша Қазақстан заңнамасында жаңа санат — криптовалюта айырбастау жөніндегі қызмет провайдерлері енгізіледі. Олар лицензиямен жұмыс істейді. Қызметін ҰБ қадағалайды.

Осындай ұйымдар арқылы сатып алуға, сатуға болатын криптовалюталар тізімін Ұлттық Банк бекітеді.

Қазақстанда цифрлы активтерді реттеу тәсілі ФАТФ, IOSCO, ХВҚ, BIS секілді халықаралық ұйымдар ұсынымдарын ескере отырып дайындалады. Ол БАӘ, Сингапур, Гонконг, Швейцария және басқа да елдердің тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асырылады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылдың басында Қазақстанда заңсыз криптовалюта айырбастау пунктері жабылғаны мәлім болды. Оларда миллиардтаған теңге айналған.

Сондай-ақ оқыңыз