Шерзат Полаттың анасы сотқа қайта шақырылатын болды

Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасы бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. 22 мамырда сот марқұмның анасы Гүлбара Бишембиеваны сотқа қайта шақыру туралы шешім шығарды.
Бұған сотталушының адвокатының өтінішхаты себеп болды.
«Бишембиеваның сот отырысында берген жауабы мен беттестіруде берген жауабы бір-біріне сәйкес келмейді. Сол себепті сот отырысына қайта шақырып, жауап алуды сұраймыз»,- деді адвокат.
Тараптар да жәбірленушіні қайта жауап алуға шақыруға қарсылық білдірмеді.
22 мамырдағы сот отырысында іс құжаттарын зерттеу кезінде Шерзат Полаттың анасы Гүлбара Бишембиева мен сотталушы Дидар Қалиахметті беттестіру кезінде берген жауаптарының хаттамасы оқылды. Ол жерде марқұмның анасы Нұрқанатқа кімнің пышақ салғанын көрмегенін айтқан.
«Нұрқанатқа кімнің пышақ тыққанын көрген жоқпын, бірақ Нұрқанат сол жерде жатып қалды. Бірінші Нұрқанат менің балам Шерзатты қорғап «қойыңдар» деп жатқан кезде баламның артқы жағынан біреу пышақ тыққан. Балам артқа қарай отырып қалды, сол жерде қан құсып жіберді», – деген анасы.
Айтуынша, сол кезде Шерзат Полат анасына арқа тұсын көрсеткен. Анасы ұлын арқасынан пышақтағанын сол кезде көргенін айтты.
Жәбірленушілерді сот залына жеткізуге мемлекеттік айыптаушылар жауапты болады.
Айта кетейік, бұған дейін сотталушылардың адвокаттары жәбірленуші Қаржаубай Нұрымовты да сотқа қайта шақыруды сұраған.