Кинематографистер одағы «Қазақфильм» киностудиясының жағдайына алаңдаулы

Қазақстан Кинематографистер одағы билікке үндеу жолдап, ұлттық кино саласындағы ахуалға алаңдаушылық білдірді. Әсіресе, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясындағы жағдайға қатысты өткір сын айтылды.
Ұйым мәлімдемесінде кино саласындағы жүйелі басқару мәселелеріне тоқталды.
Соңғы жылдары министрлік пен ар-ұяттан ада басшылардың жауапсыз әрекеттері салдарынан студия ұжымы моральдық қысым мен бейберекеттікке тап болды. «Қазақфильм» қоғамдық резонансқа ие болып отырған наразылықтар мен жанжалдардың ошағына айналды, – деді Одақ төрағасы Адай Әбелдинов.
Ерекше сынның астында қалған — «Қазақфильм» киностудиясының президенті міндетін атқарушы Айдар Омаров. Кинематографистер жаңа басшының мемлекеттік тілді елемеу, кәсіби біліксіздік пен шығармашылық атмосфераны күйрету секілді әрекеттері үшін айыптады.
Мәлімдемеде студияда тоқтаусыз жанжалдар, қызметкерлерге моральдық қысым көрсету, өндірістік әлеуеттің жойылуы орын алып жатқаны айтылған. Сонымен қатар, сала мамандары Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны студия мәселелеріне көз жұмып, кәсіби қауымдастықпен диалогтан қашып отырғаны үшін сынға алды.
Мұндай жауапсыздықтың кесірінен кино саласында жемқорлық жайлап, мемлекеттен бөлінген миллиардтаған теңге мақсатсыз жұмсалып жатыр. Бейберекетті тоқтатуды талап еткен кәсіби әрі адал мамандар арсыз әрі қатігез басшылардың тарапынан қуғын-сүргінге ұшырап, студиядан ығыстырылып жатыр, – делінген үндеуде.
Кинематографистер президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жіберіп, саланың өкілдерімен тікелей кездесу өткізуді сұрап, «Қазақфильмге» арнайы барып, ондағы жағдаймен көзбе-көз танысуды ұсынды.
Еске салак кетейік, бұған дейін Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақфильм» киностудясының басшылығынан Азамат Сатыбалды кеткен соң, студияда жағдай жақсарғанын айтқан еді.