15 шетел компаниясы елде миллиардтаған долларға аграрлық жобаларды жүзеге асырады

15 шетел компаниясы Қазақстанда 4 млрд долларға ірі жобаларды жүзеге асырады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы айтты.
Жылыжай кешені мен қант зауыты
«Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы саласындағы 15 шетелдік трансұлттық компанияның ірі жобалары бар. Бұл жобалардың жалпы құны 4 трлн долларды құрайды», – деді АШМ өкілі.
Қазіргі таңда министрлік шетелдің екі компаниясымен агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша келісімге отырған. Соның бірі Түркияның «Alsera» компаниясы. Бұл компания Шымкентте жылына 155 мың тонна қызанақ өндіретін, құны 650 млн АҚШ долларды құрайтын жылыжай кешенін салады.
Екіншісі – Араб елдерінің «QazaqArab Sugar» компаниясының жобасы. Компания Қазақстанда қант зауытын салуды жоспарлап отыр. Зауыт Алматы облысында салынады. Зауыт 5 млн тоннаны қант қызылшасын өңдеп, жылына 500 мың тонна ақ қант өндіретін болады. Жоба құны 580 млн АҚШ долларын құрайды.
Басқа қандай жобалар жүзеге асырылады?
Бұдан бөлек, министрлік осы жылы 8 жоба бойынша инвестициялық келісімдерге қол қоюды жоспарлап отыр. Олар мыналар:
- Қытайдың «Fufeng Group» және «Shengtai Biotech» компаниялары Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін өнеркәсіптік парк салады. Жоба құны – 350 млн АҚШ доллары;
- Америкалық «PepsiCo» компаниясы – Алматы облысында тұзды қытырлақтар шығаратын зауыт салады. Жоба құны – 376 млн АҚШ доллары;
- Мажарстандық «UBM Group» компаниясы – Қарағанды, Алматы облысы мен Алматы қаласында құрама жем мен премикс шығаратын зауыт салады. Жоба құны 62 млн АҚШ доллары;
- Қытайдың «Dalian Hesheng Holdings Group» компаниясы – Ақмола облысында дәнді дақылдарды терең өңдейтін зауыт салады. Жоба құны 650 млн АҚШ доллары;
- Түркиялық «Tiryaki Holding» компаниясы – Астанада дәнді және бұршақты дақылдарды терең өңдейтін агроөнеркәсіптік кешен салады. Жоба құны 320 млн АҚШ доллары;
- Даниялық атақты сусын компаниясы «Carlsberg Group» Алматы облысында алкогольсіз сусындар өндірмек. Жоба құны – 300 млн АҚШ доллары;
- Польшаның «Fabe Agro» компаниясы Шымкент қаласында жылыжай кешенін салады. Онда жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өсірілмек. Жоба құны – 120 млн АҚШ доллары;
- Иорданияның «AL JAZEERA AGRICULTURE COMPANY» мен «Айтас КЗ» ЖШС бірлесіп – Алматы облысында құс етін өндіретін зауыт салады. Жоба құны 15 млн АҚШ долларын құрайды.