Шымкентте «жәннатқа билет» не үшін сатылды

Жарияланды
В ДУМК не запретили продавать билеты в рай
Әлеуметтік желіде Шымкентте «Жәннат билеті» сатылғаны жөнінде видео тарады / youtube.com/@TALIMKZ, бильд-редактор: Дастан Шанай

Әлеуметтік желіде Шымкентте «Жәннат билеті» сатылғаны жөнінде видео тарады. Онда әлдебір іс-шараны танымал әзілкеш Ғалымжан Құрманбектің жүргізгенін, бұл шарада билет ретінде 1 миллион теңгеден 10 миллион теңгеге дейін талондар сатылғанын көруге болады. Жиналған ақшаға медресе салынатыны да айтылады.

Шымкент қаласы имамының орынбасары Мұхаммеджан Естеміров желіде талап, талқыға түскен видеоға байланысты пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл іс-шара Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты Шымкент медресе колледжінде өткен. Медреседе қыздар бөлімінің 350 адамға шақталған жаңа ғимаратын салу басталған.

Қыздар медресесінің іргетасы қаланды. Өзіміздің бюджетіміз жоқ. Десек те сол жерде қалталы азаматтардың басын қосып, іс-шара ұйымдастырған болатынбыз. Ол жерде әркім өзінің ниетімен атады. Арасында 100 мың теңге, 10 мың теңге атағандар да болды. Әркім өзінің жағдайына қарай қыздар медресесі ғимараты құрылысын бітіруге ниет етті, – дейді Шымкент қаласының наиб имамы.

Естеміровтің сөзінше, жиналған ақша қыздар медресесінің жаңа ғимараты бітіруге жұмсалады. Жобаға сай ғимарат 3 қабаттан тұрады. Онда заман талабына сай барлық жағдай қарастырылған.

Біз кәсіпкерлерден көмек сұраған болатынбыз. Сол көмектің шеңберіндегі іс-шара еді. Ол жерде артық ештеңе жоқ. Ілім алу өте сауапты іс. Еліміздің болашағы. Руханиятқа үлкен үлес. Шымкентте мұндай оқу орны жоқ. Бұл қыздар медресесі бірден-бір оқу орны болып табылады, – дейді Мұхаммеджан Естеміров.

Естеміров жаңадан салынып жатқан қыздар медресесі пайдалануға берілсе, қыздар жатып оқитынын айтады. Онда үкімет бекіткен оқу бағдарламасынан бөлек дін, Құран, дәстүр сабақтары жүреді.

Жүргізушілердің сөйлеген сөздері аса бір қателік деп түсінудің қажеті жоқ. Сол жердегі кісілерге түсінікті болуы үшін айтылған дүние. Ілім жолы бұл жәннат жолы, даму жолы. Ілім алу туралы Құранның өзінде 750 рет айтылған екен. Сондықтан бұл сөз түсінікті болу үшін айтылған болуы мүмкін. Аса бір ілік іздейтін дүние деп есептеуге болмайды, – деді ол.

Іс-шарада купондар халыққа түсінікті болуы үшін таратылған. Онда көрсетілген ақша көлемін ақша беремін деп купон алған адам бүгін не жағдайы келгенде беруі мүмкін. Не құрылыс материалдарымен есептесуі ықтимал. Кейбірі қаржылай қолма қол береді.

Сондай-ақ оқыңыз