LRT алғашқы вагондары Астанаға жөнелтілді

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
LRT алғашқы вагондары осындай болады / фото: City Transportation Systems
LRT алғашқы вагондары осындай болады / фото: City Transportation Systems

Қытайдың Таншань қаласынан Астана қаласына LRT алғашқы вагондары, яғни, алғашқы екі құрамын жөнелту рәсімі өтті.

Қазақстан тарапынан шараға «City Transportation Systems» ЖШС Басқарма төрағасы Асылбек Дүйсебаев қатысты. Қытай тарапынан «CRRC Tangshan Co., Ltd» жылжымалы құрамды өндіруші зауыттың Басқарма төрағасы Чжоу Цюннянь және бас мердігер CRAEC компаниясының бас директоры Чжоу Хайвэй қатысты.

Таншань қаласындағы зауытта жоба аясында барлығы 19 бірлік жылжымалы құрам өндіріледі.

«Заманауи, төрт секциялы, жүргізушісіз жүретін, автоматтандырудың төртінші деңгейіндегі вагондардың әрқайсысы 650 жолаушыға дейін сыйдыра алады», – делінген City Transportation Systems (CTS) хабарламасында. LRT алғашқы вагондары осындай болмақ.

Өндіріс 1881 жылы құрылған Қытайдың теміржол саласындағы ең ірі әрі көне кәсіпорындарының бірі — «CRRC Tangshan» зауытында жүзеге асырылады.

Астанаға алғашқы екі құрамды жеткізу 2025 жылдың маусым айына жоспарланған. Қалған 17 құрам осы жылдың соңына дейін жеткізіледі. Желіні сынақтан өткізуді бастау қыркүйек айына жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта Астанадағы LRT жобасы аясында құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Жол төсеу, станциялар қасбетін монтаждау, эстакаданың тіректері мен арқалықтарын сырлау, сыртқы инженерлік желілерді қосу, эстакада асты аймағын абаттандыру және депо құрылысы жұмыстары жалғасып жатыр.

LRT құрылысына байланысты Астанада жарты жылға жуық жол қозғалысы шектелген.

Сондай-ақ оқыңыз