Шығыс Қазақстанда жер сілкінді

25 мамырда теңертең Шығыс Қазақстан облысында жер сілкінді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі хабарлайды.
«Сейсмологиялык зерттеу институтының» сейсмикалық станциялар желісі 2025 жылғы 25 мамырда Астана уақытымен 07 сағат 35 минутта жер сілкінгенін тіркеді.
Жерасты дүмпуінің ошағы Ресей шекарасында, Алматы қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 1162 км жерде орналасқан.
Өскемен қаласы мен Қатон-Қарағай ауылында қуаты 2 балл деп есептелген әлсіз жер сілкіні болды. Зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ.
Жер сілкінісі кезіндегі 10 қарапайым қадам
- Жер дүмпуі кезінде үрейленбеңіз;
- Жер сілкіну кезінде лифт және баспалдақ қолданбаңыз;
- Жиhаздан, терезеден, ары тұрыңыз;
- Жасырынатын жерді табыңыз – жоғарғы қабаттарда негізгі іргелі қабырғалар бұрышын таңдаған дұрыс;
- Ғимараттан шығыңыз (төменгі қабаттарда);
- Көп қабатты үйлерде жер сілкініп болған соң ғана ғимараттан шығыңыз;
- Үйден шығар алдын суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
- Төтенше жол сөмкесін алыңыз (оны алдын ала дайындау қажет);
- Электр желілері, ғимараттар, ағаштардан алыс тұрыңыз;
- Жер сілкінісіне дайын болыңыз;
- Қарт адамдарға, балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға көмек көрсетіңіз.
Екі күн бұрын Жетісу облысының тұрғындары жер сілкінгенін сезген. Сол кезде Талдықорған қаласында жер сілкінісің қуаты 4,6 балл болған. Министрлік мәліметінше, жер сілкінісінің ошағы Талдықорған қаласынан солтүстік-батысқа қарай шамамен 20 шақырым жерде орналасқан.
2025 жылғы 12 мамырда Алматы қаласында сағат 11:38-де жер сілкінді. Сейсмологтардың мәліметінше, зілзаланың эпицентрі Қырғызстан аумағында, Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 239 шақырым жерде, Нарын қаласынан 81 шақырым жерде тіркелді.