Германия билігі астана маңынан тегін баспана ұсынды

Германия билігі елге көшіп келгісі келетін адамдар үшін тосын ұсыныс жасады. Енді астанаға жақын Айзенхюттенштадт қаласында тұрғысы келетіндер үшін сынақ ретінде тегін баспана беріледі. Олар жергілікті тіршілікпен жақынырақ таныса алады.
2025 жылғы 6-20 қыркүйек аралығында Jetzt Pläne schmieden жобасына қатысушылар тегін баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұған қоса оларға экскурсия ұйымдастырылады. Ал билік жаңа тұрғындар үшін жұмыс іздестіреді. Бағдарлама бәріне ашық. Оған Германия тұрғындары ғана емес, шетелдіктер де қатыса алады. Мәселен, Қазақстан азаматтары да бағын сынап көрсе болады.
Айзенхюттенштадт — Германияның шығыс бөлігіндегі шағын қала. Берлинге дейін бар болғаны 1 сағатта жетуге болады. Ол Польша шекарасына жақын орналасқан. Қала 1950-жылдары алғашқы социалистік елдімекен ретінде құрылған. Мұнда тарихи сәулет жәдігерлері көп. Қала жасыл желекке көмкерілген. Қазіргі заман талабына сай инфрақұрылым бар.
Айзенхюттенштадт қана емес, Шығыс Германиядағы шағын қалалардан адамдар көптеп көшіп кетіп жатыр. Мұнда жас маман жетіспейді. Енді билік жаңа жобаның көмегімен шаһар тіршілігін тірілткісі келеді. Тегін баспана көпшілікті еліктірері анық.
Бағдарламаға қатысу үшін жобаның ресми сайтына кіріп, сауалнама толтыру қажет. Жоба сайты: www.jetzt-pläne-schmieden.de.