Тұрсын Алагөзов: барынан айырылып, қайта бизнес-империя құрған кәсіпкер

55 жастағы кәсіпкер Тұрсынғали Алагөзов есімі қалың көпшілікке 2016 жылы белгілі болды. Сол жылы продюссер Баян Алагөзова (ол кезде Есентаева – ред.) Түркиядан қайтып келгенде әуежайда күтіп алған жұбайы пышақтап, ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Кейінірек Түркияда кәсіпкер Алагөзовпен бірге болғанын білдік. Осы жағдайдан кейін бизнесмен бірінші әйелімен ажырасып, Баянмен ресми түрде некесін қиды. Бақытты аяқталған ертегі сияқты көрінеді. Бірақ кәсіпкердің өміріндегі «қызық» сол кезде ғана басталды.
Maxi Чай-дың шын иесі кім?
Тұрсынғали Алагөзов – 1969 жылы 17 қыркүйекте Алматыда туған. Бала кезімнен кәсіпкерлікке жақын болдым дейді ол. 12-13 жасында достарымен Николь базарының маңында қауын-қарбыз, сыра тиеген. Тастақ базарынан тотықұс пен балық сатып, оларды өсіріп, қайта сатқан екен. Әкесі – Тұрым, белгілі қазақстандық композитор, ал анасы Клара бала тәрбиесімен айналысқан.
Есейген соң Тұрсын Қиыр Шығыста екі жыл әскери міндетін өтеп, Қытайдағы Си Янь қаласында ауыл шаруашылық механизациясы мамандығы бойынша білім алады. Тоқсаныншы жылдардың басында өз мамандығы бойынша жұмыс істеп көреді. Бірақ кәсіпкерлікке бет бұрып, 1998 жылы «GALANZ bottlers» АҚ-ның негізін қалайды. Компанияның ең танымал өнімдерінің бірі – Maxi Чай сусыны.
Бұл кәсіпті бірінші әйелі Ляйсара Марат екеуі бастаған. Тұрсын мен Ляйсара 30 жылға жуық бір шаңырақ астында өмір сүрген.
«Біз – бір-біріміздің алғашқы махаббатымыз болдық. Мен оны әскерге шығарып салдым. Күттім, хат жаздым. Ешбір шартсыз, пәк махаббат болған», – дейді Ляйсара жастық шағы туралы Дана Орманбаеваға берген сұхбатында.
Бірақ бизнестің нақты кімге тиесілі екенін, қалай бастағаны жайлы бұрынғы ерлі-зайыптылардың пікір әртүрлі. Ляйсараның сөзінше, ол және оның отбасы бизнеске қаржы тартып, маркетингпен айналысқан. Компанияның әйгілі брендтері де Ляйсара арқылы өмірге келген. Ал Тұрсын өндіріске жауап берген. Бірақ Алагөзовтың өзінің айтуынша, негізгі бизнес, қаржы тарту толығымен оған тиесілі. Әйелінің туыстары тек кепілдік жағынан көмектескен көрінеді.
«Мен шынымен айтайын, кепілдің бір бөлігін бұрынғы әйелімнен сұрадым. Тәтесінің бір бөлмелі пәтерін (кепілдікке – ред.) сұрадым, ол рас. Әпкесінде тағы да екі бөлмелі пәтер болған, оны да сұрадым. Ол кепіл қою үшін еді. Басқасы, жеке кепілдік, еңбек, кәсібилік, нотариалды кепілдік – барлығы менің тарапымнан болды. Менің отбасым, балаларым тұрған жылжымайтын мүлікті де, басымды бәйгеге тігіп, кепілдікке қойдым», – деді ол Forbes Kazakhstan-ға берген сұхбатында.
Кәсіп үшін әуелі ЦентрКредит банкінен (қазіргі БанкЦентрКредит) 20 мың доллар, кейін 40 мың доллар несие алады. Бір жылдан соң Халық банкінен тағы миллион доллар несие сұраған екен.
«Осылай жүріп, байланыс орнаттым, несие тарихын жасадым. Әйелім барып сұрап еді, мейірімді Болат Жәмішұлы (сол кездегі банк төрағасы) несие бере салды деген жоқ», – дейді ол.
Forbes Kazakhstan мәліметінше, қазір «Galanz Bottlers» Қазақстандағы ең ірі 75 компанияның тізіміне кіреді. Жылдық түсімі 41 млрд теңгені құрайды, 3000-ға жуық адам істейді. Әйгілі Maxi Чайды 2004 жылдан бастап шығара бастады. 2020 жылдан бастап компанияда сусындардан бөлек тоңазытқыш өндірісіне де кірісті.

Алты жылға созылған сот
Қазір «Galanz Bottlers» жалғыз құрылтайшысы ретінде Тұрсын Алагөзов көрсетілген. Дегенмен кәсіпкер әйелімен ажырасқаннан кейін бизнесін де жоғалтты. 2017 жылы 23 шағым бойынша сот процесі жүреді. Оның жиырмасы бойынша бұрынғы жұбайы Ляйсара Марат жеңіске жетеді.
Тура сол жылы Тұрсынға қатысты «өкілетсіз әрекет етті», «жалған құжаттар жасады» деген бап бойынша тергеу басталды. Кәсіпкердің өзі зауыты мен үйін бұрынғы әйелінің атына аударады. Баян Алагөзованың сөзінше, сол кезде Тұрсын Алагөзов толығымен бизнесінен, табысынан айырылған.
«Компания оныкі еді, бірақ ажырасқаннан кейін заң бойынша жартысын бұрынғы әйелінің атына жазып береді. Бірақ ол (бұрынғы әйелі – ред) қалған жартысын да сотқа берді. Сот ұзақ, қиын болды. Соңында толығымен бәрін өзіне (Ляйсара Марат-ред.) алды», – деді ол «Без мишуры» арнасына берген сұхбатында.
Алагөзованың айтуынша, сол жағдайда күйеуі алты жыл жүреді. «Өзін ұзақ іздеді, қиын болды» дейді продюссер. Алты жыл жаңа отбасын Баян Алагөзованың бизнесі асыраған. Тек 2024 жылы ұзақ соттан кейін ғана компания қайтадан Тұрсынғали Алагөзовтың иелігіне өтеді.
Бизнестегі жаңа белес
Кәсібін өзіне қайтарғаннан кейін Тұрсынғали Алагөзов бизнес-империясын кеңейтуге кірісті. Былтыр жазда ол әйгілі «Шымкент сыра зауытын» сатып алды.
«Біз ақпан айының соңында келісімге келдік, бірақ қаңтарда мен тіпті «сыра өндірісіне бет бұрамын» деп ойламаған да едім. Шымкентке бардым. Зауытты араладым, қабырғаларын, бөшкелерін ұстап көрдім, крандарын ашып, сырасын татып көрдім. Сонда еңбек етіп жүрген адамдардың көзіне қарадым. Сол сәтте бірдеңе қозғалды ішімде. «Бұл менікі, менің қолымнан келеді» деп түйдім», – деді ол сыра зауытын сатып алу туралы.
Шымкенттегі сыра зауыты 1970 жылы салынған ең көне кәсіпорынның бірі. 2016 жылы оны мемлекеттік төңкеріс жасады деп 20 жылға сотталған Тоқтар Төлешовтан мемлекет пайдасына тәркіленген. Алагөзов қарызға батып, жұмысы тұралаған кәсіпорынды 8 млрд теңгеге сатып алған.
Ал биыл көктемде «JFood Kazakhstan» ЖШС (бұрынғы Цесна-Астық) сатып алды. Бұл бизнес нысан Jusan Bank акционері Ғалымжан Есеновқа тиесілі болған. Компания «Цесна» ұнын, Bella Pasta, «Сәлем» атты макарон өнімдерін шығарады. Бұл активті сатып алуға Алагөзов 11 млрд теңге жұмсаған.
Алагөзов бизнес империясын кеңейткеннен кейін оның дәулеті де ұлғайды. Осы жылы Forbes Kazakhstan оның байлығын 130 млн доллар деп бағалап, елдегі ең бай 75 кәсіпкердің тізіміне (61-орын) енгізді.
Жаңа компанияларына қатысты Алагөзовтың жоспары көп. Шымкент сыра зауытына 40 млн доллар инвестиция салып, Өзбекстан нарығын жаулап алуды көздеп отыр. Болашақ жоспарлары туралы ол KursivMedia-ға сұхбат берген еді, толығырақ мына жерден оқи аласыздар.
Баянның бастамаларын қолдау
Кәсіпкер қазіргі жұбайы Баян Мақсатқызының медиа жобаларына да қаржылай қолдау көрсетеді. Мәселен, басындағы ауыр жағдайдан кейін Баян әкесінің есімімен «Мақсат» атты жеке қайырымдылық қорын ашты. Бұл қор «Мама Клара» атты дағдарыс орталығының жұмысын бақылайды.
Дағдарыс орталығы 1000 шаршы метр аумақта орналасқан. 60-қа жуық адамға орын бар. Штатта психологтар, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер тәрізді персонал тобы жұмыс істейді. Баянның сөзінше, орталық жұмысы үшін мемлекет қаржы бөлмейді, оның жұмысына күйеуі Тұрсынғали демеушілік етеді.
Ал Клара – Тұрсынғалидың анасы, балалар үйінде өскен. Кәсіпкер анасы балалар үйінде тәрбиеленгендіктен де бала мен ана тағдыры оған жақын екенін айтады. Бұған дейін ол кәсіпкер Айдын Рахымбаевтың жетекшілігімен құрылған «Аналар үйі» жобасына қатысып, демеушілік еткен. Айта кету керек, Баянмен де 2016 жылы сол жобаның таныстырылымында кездесті.
Бизнесмен жұбайының шығармашылығына да қолдау білдіреді. Былтыр, Баян Алагөзованың «Кешью» тобы әлемдік жұлдыз Сноуп-Доугпен бірге трек жазып, Лос-Анжелесте бейнебаян түсірді. Интернетте жарияланған сұхбаттың бірінде рэпер онымен бірге ән шырқау құны 250 мың доллар тұратынын айтады. Бірге бейнебаян түсіру үшін тағы 250 мың доллар төлеу керек. Яғни үш минуттық ән (оның ішінде Сноуп Доуг 16 жол айтады) және клип 500 мың доллар тұрады. Оған команданың жол шығынын қосыңыз. Барлығы да Тұрсынғали Алагөзовтың демеушілігімен өтті, ал есесінде видеода MaxiЧай-дың жарнамасын көреміз.