ҚТЖ мүгедектерге арналған орындарды сатқан жолсеріктерді жұмыстан шығарды

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы ішкі қызметтік тексерістен соң бірнеше жолсерікті жұмыстан шығарды.
ҚТЖ баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеріс Алматы-2 теміржол вокзалында жүргізілген. Нәтижесінде қызметкерлердің бірі мүгедектігі бар адамға арналған орынды заңсыз сатып жібергені, ал жолсеріктердің бірі вагонның тамбурында шылым шеккені анықталды.
Тексеру қорытындысы бойынша жолсеріктер жұмыстан босатылып, пойыз бастығына қатаң сөгіс жарияланды. Компания өкілдері мұндай заңбұзушылықтармен жүйелі түрде күрес жүргізілетінін және тексерістерге журналистер мен қоғам өкілдері қатыстырылатын рейдтер тұрақты түрде өткізілетінін айтты. Осындай тексерістер барлық жолаушылар пойыздарында жүргізіледі.
«Компания азаматтарды орындарды заңсыз сату, жолаушыларды билетсіз тасымалдау және билеттерді қайта сату жағдайлары туралы хабарлауға шақырады. Фото -, аудио-немесе бейнематериалдармен өтініштер @jolaushylar_tasymaly (Direct-те) бетіне немесе +7 776 714 5686 WhatsApp-нөмірі бойынша қабылданады», — делінген хабарламада.
Осыған дейін Қазақстан темір жолы компаниясы ревизорлар пойыздарда тексеріс жүргізу барысында билетсіз жолаушыларды анықтағанын хабарлады. «Астана – Шымкент» және №3/4 «Астана – Алматы» бағыттарындағы пойыздарға жүргізілген тексеріс барысында алты жолаушының билетсіз жүргені анықталған.