Төбелесті біреу бастаса да, түрмеге түсуіңіз ғажап емес – заңгер

Төбелесті біреу бастаса да, түрмеге түсуіңіз ғажап емес. Өйткені, сотта кімнің жанжал шығарғаны емес, келтірілген зиян негізге алынады.
Бұл туралы заңгер Қанат Ақышов мәлімдеді. Оның айтуынша, заң бойынша қорғанудың да шегі көрсетілген. Одан асу қылмыстық жауапкершілікке әкеледі.
Заң нені басшылыққа алады?
Қанат Ақышов өмірде жиі болатын жайттардан бір мысал келтірді.
«Төбелесті біреу бастады, сен оған қарымта соққы бердің дейік. Нәтижесінде сен кінәлі болып шығасың. Мұндай жағдай жиі болады. Бұл жерде бір нәрсені түсініп алу керек. Сот кімнің бірінші төбелес бастағанын емес, кімге қандай зиян келгенін қарайды. Егер жағы сынса, бұл денсаулыққа орташа зиян келтіру болып есептеледі. Бұған қылмыстық жауапкершілік көзделген», – деп ескерту жасады заңгер.
Қорғаныс шегі қандай болуы керек?
Оның айтуынша, бір адамның заңсыз әрекетіне қарсы қорғануыңыз мүмкін. Яғни, төбелесті біреу бастаса да, қажетті қорғану шегінен асып кетпеуге баса назар аударғаныңыз жөн. Өйткені, бұған да заң бойынша қылмыстық жаза белгіленген.
«Сондықтан, мұндай жағдайды заң шеңберінде шешуге кеңес беремін», – деді Қанат Ақышов.
Бұл заң көп адамдарға ұнамай бермейтіні анық. «Бірінші арыз жазған адамдікі дұрыс бола бере ме, сонда?», «өзімізді де қорғаудан қорқатын болдық» деген наразылық бар. Десе де, заңның аты заң.
Жоламан Құсайын оқиғасы
Өмірде төбелесті біреу бастаса да, түрмеге түсіп, сотты болып жатқандар аз емес. Мәселен, бұған павлодарлық жігіт Жоламан Құсайынның оқиғасы жақсы мысал бола алады. Бұл оқиғаның бейнежазбасы кең тарады. Онда бір бұзақы пышақпен келіп, ешқандай себепсіз Жоламан Құсайынға шабуыл жасайды. Ол өзін-өзі қорғау үшін төбелесуге мәжбүр болады. Пышағын сілтей берген бұзақы жерге құлап түседі де, артынша өліп қалады.
Жоламан Құсайын пышағы бар бұзақының заңсыз әрекетін тоқтату мақсатымен қорғанса да, сот «оны қасақана ауыр дене жарақатын келтірді» деп 4,5 жылға үкім кескен еді.
Облыстық сот істі қайта қарап, үкімнің күшін жояды. Бірақ «қажетті қорғаныс шегінен асып кетті» деген айыппен 1 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Бірақ жазасы өтелгендіктен, сот залынан босатылды.
Айта кететін жайт, Талдықорғанда жасөспірім Шерзат Полаттың қазасынан кейін қозғалған қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр.