Жаңа Алатау қаласы крипто-аймаққа айналуы мүмкін

Жаңа Алатау қаласының криптовалютаға негізделген аймаққа айналуы мүмкін. Бұл туралы Astana International Forum аясында өткен баспасөз отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мадиев айтты.
«Президент осындай идеяны (крипто-аймақ құру туралы – ред.) ұсынды. Қазір үкімет тиісті реттеуші органдармен бірлесіп, ең лайықты локацияны таңдау бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Әрине, CryptoCity үшін ең қолайлы орын — бұл жаңа Алатау қаласы», – деді Мадиев.
Министрдің айтуынша, бастаманың басты мақсаты — криптовалютаны төлем құралы ретінде қолдану. Яғни, криптовалюта арқылы мейрамханалар мен кафелерде төлем жасауға, сондай-ақ жылжымайтын мүлік сатып алуға және инвестиция салуға мүмкіндік болмақ. Оның пікірінше, бұл блокчейн индустриясында үлкен серпіліс жасап, IT-мамандарды осы салаға тартуға жол ашады.
Осыған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда криптовалютаны заңды түрде қолдануға мүмкіндік беретін CryptoCity пилоттық жоба іске қосылатынын айтқан еді.