Джорджия Мелони: Арал теңізін қорғау – біздің міндетіміз (видео)

Италия премьер-министрі Джорджия Мелони Астана халақаралық форумында Қазақстандағы экология мәселелеріне, соның ішінде Арал теңізі проблемасына да тоқталды.
«Бүгін менің Қазақстанға алғашқы ресми сапарым басталды. Хаттама үшін емес, жемісті жемісті болады деп есептеймін. Біз екі халықты біріктіретін достықты нығайтқымыз келеді», – деп бастады сөзін Мелони.
Премьер-министрдің мәлімдеуінше, Италия Еуроодақ елдері ішінде бірінші болып Орталық Азия елдеріне инвестиция сала бастады.
«Біз жол көрсеттік, соның негізінде былтыр сәуірде алғашқы ЕО-Орталық Азия саммиті өтті», – дейді ол.
Il Foglio басылымының мәліметінше, ЕО аймаққа 12 млрд доллар инвестиция құйып отыр.
Мелони бірнеше ғасыр бұрын әйгілі саяхатшы Марко Поло қазақтың шексіз даласынан жүріп өткенін де еске түсірді. Ол Қазақстанның экология мәселелеріне де тоқталды.
«Мен экология мәселелерін де ұмытқым келмейді. Себебі біз Арал теңізін қайта қалпына келтіру ісінде алдыңғы шепте тұрмыз. Арал теңізін қорғау – біздің міндетіміз», – деп мәлімдеді Италия премьер-министрі.
Кейінгі жиырма жылда Италия Қазақстан экономикасына 7,6 млрд доллар көлемінде инвестиция құйды. Республикада 270-ке жуық италиялық компания жұмыс істейді.
2024 жылы Италия мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 20 млрд долларға жетті.
Кезінде әлемдегі ең ірі көлдердің бірі болған Арал қатты құрғап кетті. Қазақстан мен Өзбекстан шекарасында орналасқан табиғи су қоймасының көлемі 90%-ға қысқарды. Қазір ол екі көлден тұрады: Кіші және Үлкен Арал. Екеуінің арасын Аралқұм бөліп жатыр.