Павлодарда қылмыстық топтан 155 мыңнан астам вейп тәркіленді

Қаржылық мониторинг агенттігі Павлодар облысы бойынша департаменті вейп пен оларға арналған сұйықтықтардың заңсыз айналымымен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатқанын мәлім етті.
Агенттіктің дерегінше, вейптерді «Telegram» мессенджеріндегі онлайн-дүкендер арқылы сатып келген, ал өнім курьерлік қызмет арқылы жеткізілген.
«Күдіктілер қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру үшін дропперлердің – яғни жалған тұлғалардың атына рәсімделген банк карталарын пайдаланған. Осы карталар арқылы ірі көлемдегі қаражат қолма-қол ақшаға айналдырылып, олардың заңсыз шығу тегі жасырылған. Жедел-іздестіру шаралары барысында тауар сақтайтын қоймалар мен сату орындары анықталды», – делінген агенттік хабарламасында.
Іс-шара аясында құны 1,6 млрд теңгеден асатын 155 мыңнан астам вейп пен олардың бөлшектері тәркіленген.
Мүлікті тәркілеу мақсатында жалпы құны 37 млн теңге болатын үш автокөлікке (Chevrolet Camaro, Toyota Land Cruiser және Toyota Highlander) тыйым салынған.
Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы қамауға алынған.
«Вейптердің кәмелетке толмаған жасөспірімдер мен студенттер арасында кеңінен таралуы алаңдаушылық туғызады. Бұл олардың денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді, себебі вейп құрамындағы заттар жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жүйесіне кері әсер етіп, инсульт, инфаркт және басқа да аурулардың пайда болу қаупін арттырады», – деп ескертеді агенттік өкілі.
Агенттіктің мәліметінше, жыл басынан бері электрондық тұтыну жүйелерінің заңсыз айналымының 28 дерегі анықталып, 291 мыңнан астам өнім тәркіленген.
Бұған дейін, агенттік Астанада заңсыз майнингпен айналысқандардан миллиард теңгеге жуық мүлікті тәркілеген.