Шерзат ісінде сотталушылардың ата-анасы сөйлеп жатыр – тікелей трансляция

Талдықорған сотында Шерзат Полаттың ісінде сот жарыссөзі жалғасып жатыр. 2025 жылдың 3 маусымында сотталушылардың ата-анасы іске қатысты ойын айтып жатыр.
Бірінші болып сотталушы Нұрқияс Ілиясовтың қорғаушысы Төлепбек Ілиясов сөйледі.
«…Біздің ауылды жамандап… Бұрын Хутор болған, қазір Рысқұлов деген аты бар. Баланың бір қолында пышақ, бір қолында мылтық болды деп жатыр. Сонда ол кісінің қолын қалай ұстап тұрады екен деген түсініспеушілік болып жатыр. Ол жақтан да кінә болып тұр. Бала қайтыс болғаннан кейін менің бала-шағама сес көрсетіп, «қанға қан, жанға жан» деп шошытып кетті. Оны полицияға бердік. Бұл кісілерге де ауыр, қанша дегенмен бала қайтыс болып отыр. Біздің балалар кінәсіз емеспіз деп отырған жоқ», – деді Нұрқияс Ілиясовтың қорғаушысы.
Кәмелетке толмаған сотталушы Думан Ысқақтың анасы Эльмира Отарбаева ұлын ақтауды сұрады.
«…Думан ақкөңіл бала, мектепте жақсы оқыған. Баланың отырғанына 8 ай болды, бала қиналып кетті. Аса ауыр қылмыс туралы қылмысты хабарламаған дейді. Балам қылмысты көрмеген, кімде пышақ болғанын, кімде мылтық болғанын… Жәбірленушілер «Думан ештеңе көрмеді» деп айтып кетті. Ұлым өтірік айтпайды, әділ шешім қабылдап, баламды ақтауыңызды сұраймын», – деді Эльмира Отарбаева.
Сотталушы Абзал Шынасылдың анасы Ақбота Есбергенова ұлына тағылған айыпқа келіспейді.
«Екі айдай тыңдадық, ешқандай дәлел жоқ. Адвокаттың сөзін қолдаймын», – деді анасы.