Торғай даласына Пржевальский жылқысының екінші тобы әкелінді

Торғай даласына Чехия мен Мажарстаннан керқұландардың екінші тобы жеткізілді. Сирек кездесетін тұяқтыларды тасымалдау «Жабайы жылқылардың оралуы» халықаралық жобасы аясында екінші рет жүзеге асырылып отыр.
Чехия мен Мажарстаннан төрт жабайы жылқы тиелген екі әскери ұшақ 2 маусымда ұшып шыққан болатын. Бір тәулікке жуық жол жүрген жануарлар 3 маусым күні таң ата Арқалық әуежайына қонды. Кейін олар «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы реинтродукция орталығына жеткізілді.
Жануарлар алғашқы бір жылын осы арнайы орталықта өткізеді. Кең әрі қауіпсіз қашаларда ұсталып, күтімде болады. Бұл кезеңде олар жаңа ортаға бейімделіп, кейін жабайы табиғатқа жіберіледі.

«Бір жылдық жұмыстың керемет нәтижесі — екінші топ керқұландар аман-есен келіп жетті, ал бірінші топ әбден көндігіп, «Алтын Дала» мемлекеттік резерватының инспекторларының қорғауымен жабайы табиғат тіршілігіне толық дайын», — дейді Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
Бірінші топтағы 7 керқұлан 2024 жылы жеткізілген. Олар Торғай даласындағы қатал қысқа төтеп беріп, мал дәрігерлік тексерулерден өтті. Екі биеге GPS-қарғыбау тағылып, босатылғаннан кейін қозғалысы бақылануда.
2029 жылға дейін Торғай даласына 40–45 керқұлан жеткізіледі деп жоспарлануда. Қостанай облысындағы «Алтын Дала» резерваты — бұл жоба үшін қолайлы мекен. Мұнда кең жайылым, су көздері мен қажетті инфрақұрылым бар.

Керқұлан (пржевальский жылқысы) — әлемдегі жабайы жылқылардың соңғы түрі. Ол XX ғасырдың ортасына қарай табиғатта жойылып кетті. Қазіргі жерсіндіру бағдарламалары зоопаркілерде сақталған аз ғана дарақтар негізінде жүргізілуде.
Еске салайық, Чехиядан Қазақстанға жеткізілуі тиіс төрт керқұланның бірі әуежайға бара жатқан жолда қашып шығып, Прагадағы жол қозғалысы бір сағатқа жабылған еді. Оқиға дүйсенбі күні астанадағы «Қара көпір» сауда орталығы маңында болған. Жүріп бара жатқан көліктен секіріп кеткен керқұлан Прага қаласында айналма жолдағы қозғалысты бір сағатқа тежеген.