АҚШ болат пен алюминийге салынатын салықты екі есе арттырды

АҚШ президенті Дональд Трамп сырттан келетін болат пен алюминийге салынатын баж салығын 25%-дан 50%-ға дейін көтеру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Ақ үй хабарлады.
Трамп бұл қадамды елдің ұлттық қауіпсіздігін қорғау үшін қажет деп түсіндірген. Оның айтуынша, импорт көлемін бақылауға алып, АҚШ-тың металл өндірушілерін қорғау қажет.
Жаңа мөлшерлеме 4 маусымнан күшіне енеді. Алайда бұл талап Ұлыбританиядан әкелінетін өнімдерге қолданылмайды.
АҚШ бұған дейін болат, алюминий және автокөлік импортына 25% көлемінде салық енгізген болатын. Сонымен қатар Еуроодақ елдеріне бағытталған «айна» баж салығы 20% болған.
Сәуір айында Трамп әкімшілігі 75-тен астам елге қатысты баж салығын 90 күнге кейінге қалдырып, сол уақыт ішінде баж салығы тек 10% мөлшерінде ғана алынады деп мәлімдеген. Бұл елдер АҚШ-пен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік алған болатын.