Nvidia Microsoft-ты басып озып, әлемдегі ең қымбат компания атанды

Nvidia капитал көлемі жағынан Microsoft-ты басып озып, әлемдегі ең қымбат компания атанды. Бұл туралы Yahoo Finance жазады. Компанияның нарықтық құны 3,444 трлн доллар деп бағаланды. Ал Microsoft капиталы 3,441 трлн долларға тең.
Nvidia акциялары сәуірдің ортасынан бастап өсе бастады. Сол уақыттан бері компания құны 1 трлн долларға қымбаттады, инвесторлар тарапынан тағы да қызығушылық ұлғайды. Апта ортасында IT-алпауыт акциялары 2,8%-ға өсті. Бұған ЖИ негізіндегі жасалған чиптерге сұраныстың әлі де жоғары екендігі себеп болып тұр.
Мамырдың ортасынан бері әлемдегі ең қымбат компания титулы Microsoft-қа тиесілі еді, оған дейін көш басында Apple тұрды. Ал Nvidia соңғы рет бұл статусты осы жылдың қаңтарында ғана иеленген. Жыл басынан бері есептегенде құнды қағаздары шамамен 5%-ға, ал Microsoft акциялары 10%-ға өскен.
Nvidia – 1993 жылы АҚШ-та құрылған ең ірі технологиялық компания. Жасанды интеллекттің дамуына орай NVIDIA чиптері (мысалы, H100) OpenAI, Google, Amazon, Meta сияқты ірі компаниялардың серверлерінде кеңінен қолданыла бастады.
Өткен айда цифрлық даму министрлігі елімізде Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер іске қосылатынын жариялаған. Ол компьютерге дәл осы NVIDIA-ның H200 жаңа графикалық чиптері пайдаланылмақ.