Мемлекет 5 жасқа дейінгі балаларға білім алуға ақша береді, оны кім ала алады

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Мемлекет 5 жасқа дейінгі балалардың келешектегі білімі мен баспанасына ақша береді
Мемлекет 5 жасқа дейінгі балаларға білім алуға ақша береді/Фото: ЖИ/bing.com

Қазақстанда баланың болашағына мемлекет ақша жинауға көмектесетін «Келешек» жүйесі іске қосылды. Жиналған қаражатты білім алуға, егер бала грантқа оқуға түсіп, оны тәмәмдаса, баспана алуға жаратуға болады.

«Келешек» бағдарламасы мен «AQYL» депозиті

«Келешек» мемлекеттік бағдарламасы 5 жасқа дейінгі балаларға арналған. Қатысу үшін Отбасы банкінде Aqyl білім беру депозитін ашу қажет.

«AQYL» депозитін ашудың төрт тәсілі бар:

1. Otbasybank.kz порталында. Жеке кабинетке кіріп, «Менің банкім» бетін ашып, «Депозиттерге» өту керек. Әрі қарай, «Жаңа депозит» батырмасын басып, «AQYL» салымын ашасыз;

2. hcsbk.kz банк сайтындағы бейне-қоңырау қызметі арқылы;

3. Банк бөлімшелерінде;

4. Кеңесшілердің көмегімен. Сілтеме арқылы әркім өз қаласынан кеңесші таңдай алады.  

«AQYL» депозитінің шарттары:

  • сыйақы мөлшерлемесі 13,58% (ЖТСМ 14,5% бастап);
  • мемлекеттік сыйлықақы: салымшылардың барлық санаттары үшін – 5%. Жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, көп балалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар үшін – 7%.
  • депозит ашқан кезде міндетті бастапқы жарнаның мөлшері 3 АЕК немесе 11 796 теңгеге тең (2025 жылы). Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы жарна жоқ.

Мемлекет қанша аударады

Бастапқы білім беру капиталы ретінде мемлекет аударатын сома 2025 жылы 60 АЕК немесе 235 920 теңгені құрайды.

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін бастапқы білім беру капиталы 2025 жылы 120 АЕК немесе 471 840 теңгеге тең.

2025 жылы мемлекеттен берілетін, 235 920 теңгеден басталатын бастапқы білім беру капиталы биыл 5 жасқа толатын балаларға есептелетін болады.

Депозитті ашқаннан кейін не істеу керек

2025 жылдың бірінші жартыжылдығында 5 жасқа толатын балалардың ата-аналары 2025 жылдың 15 мамырынан бастап 2025 жылдың 30 маусымына дейін otbasybank.kz порталындағы Жеке кабинетте «AQYL» депозитіне қосымша келісімге қол қоюы қажет. Бұл жағдайда бастапқы білім беру капиталы қолданыстағы депозитке есептеледі. Ақша 2025 жылдың 31 тамызына дейін түседі. 

1 шілде мен 31 желтоқсан аралығында 5 жасқа толатын балалар да биылғы жылы қосымша келісімге қол қоюы керек. Қаражат 2026 жылдың 28 ақпанына дейін түседі.

Мемлекет қандай жағдайда бөлінген бастапқы капиталды қайтарып алады

Мемлекет беретін қаражатты сақтау үшін ата-аналар «AQYL» депозитіне балалары кәмелетке толғанға дейін немесе білім беру ұйымына түскенге дейін жыл сайын жарна салып тұруы қажет.

Бір жылдағы ең төменгі жарна 24 АЕК немесе 2025 жылы 94 368 теңге.

Халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы балалар үшін – 2025 жылы 12 АЕК немесе 47 184 теңге. 

Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға ашылған «AQYL» депозитіне жыл сайын міндетті жарналар салудың қажеті жоқ.

Бастапқы капиталды қалай жұмсауға болады

Бастапқы капитал, ата-аналардың жарналары, банк сыйақысы және мемлекеттік сыйлықақы «AQYL» депозитінде біріктіріліп жинақталады. Бала мектеп бітірген сәтте, бұл соманы Қазақстанда немесе шетелде білім алу ақысын төлеуге қолдануға болады.

Егер депозит иесі білім грантын алса, онда диплом алынғаннан кейін депозитте жинақталған қаражатты (банктің капиталдандырылған сыйақысын, мемлекеттік сыйлықақы мен бастапқы білім беру капиталын ескере отырып) төмендегідей мақсатқа пайдалануға болады: 

  • білім беру жинақтау салымында қаражат жинақтауды жалғастыра беруге болады;
  • жинақтарды аға-бауырға, апа-сіңліге, туыстарға, достарға және т.б. беруге болады;
  • білімнің басқа деңгейлі түрлерін алу мақсатында білім беру қызметтеріне ақы төлеуге болады;
  • тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін Отбасы банкіндегі депозитке қаражат аударуға болады.

Бұған дейін, балалардың қаржылық сауаттылығы бойынша негізгі қағидалар туралы жазғанбыз.

Сондай-ақ оқыңыз