Қытайдың шектеуі әлемдік автоалыптарды алаңдатып қойды

Жарияланды
General news бөлімінің тілшісі
Қытайдың шектеуі әлемдік автоалыптарды алаңдатып қойды
Қытайдың шектеуі әлемдік автоалыптарды алаңдатып қойды/Фото: Reuters

Қытайдың сирек кездесетін минералдар мен магниттердің экспортына енгізген шектеуі халықаралық алаңдаушылық тудырды, деп хабарлады Reuters.

Басылым шектеу автокөлік, әуе-ғарыш, жартылай өткізгіштер және әскери өнеркәсіп салаларына қажетті өнімдердің жеткізілімін қиындатып отырғанын жазды.

Германиялық автоконцерндер Қытай шектеуінің салдарынан өндіріс тоқтауы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұған дейін үнділік Bajaj Auto компаниясы да электромобильдер өндірісінің тежелу қаупі туралы ескерткен болатын.

Сарапшылардың айтуынша, Қытайдың бұл қадамы АҚШ-пен жалғасып жатқан сауда текетіресіндегі ықпал ету тетігі ретінде қарастырылады. Дональд Трамп әкімшілігі Қытайға жоғары кедендік тарифтер енгізген болатын, ал Қытай өз кезегінде сирек кездесетін элементтерді шектеу арқылы жауап қайтарды.

Қазір көптеген елдердің дипломаттары мен ірі автоконцерн өкілдері Бейжіңмен келіссөз жүргізуге тырысып жатыр. Еуропа, жапон және үнді делегациялары маусым айында Қытай шенеуніктерімен кездесуді жоспарлап отыр.

Германия автокөлік лоббиінің басшысы Хильдегард Мюллер жағдай тез арада шешілмесе, өндірістегі кідірістер мен тоқтап қалу қаупі артатынын мәлімдеген.

Сирек кездесетін магнитсіз автокөліктің құрамдас бөлшектерін, оның ішінде қозғалтқыштан бастап, фара, сенсор, қауіпсіздік белдіктеріне дейін жасау мүмкін болмайды.

Мәселенің жаһандық сипат алуына байланысты Бейжіңге қысым артып келеді. Бірақ сарапшылар бұл жағдайдың алдын алу керек болғанын айтады.

Еуроодақ сирек металдар бойынша Қытайға тәуелділіктен арылу үшін сирек кездесетін металдар өндіруге қатысты 13 жаңа жобаны жариялаған. Олардың арасында Қазақстан да бар. Өйткені сирек металдар қоры Қазақстанда да кездеседі. Билік әлем елдеріне оны өндіруге инвестиция құюды ұсынып отыр.

Еуроодақ жобаларды іске қосуға 5,5 млрд еуро (6.27 млрд доллар) бөлуді көздеп отыр. Жаңа тізім жарияланғаннан кейін ұйым елдерінің стратегиялық жобалары саны 60-ға жетті. Биыл наурызда комиссия 47 жобаны жариялаған.

Сондай-ақ оқыңыз