Бес баласынан айрылған отбасына көмек көрсетіледі

Жарияланды (жаңартылды )
Business News бөлімінің тілшісі
Сырым ауданындағы өрттен қаза тапқан бес баланың жақындары көмек көрсетіледі / фото: БҚО әкімдігі
Сырым ауданындағы өрттен қаза тапқан бес баланың жақындарына көмек көрсетіледі / фото: БҚО әкімдігі

Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданына қарасты Жымпиты ауылындағы өртте бес баласынан айрылған отбасына көмек беріледі. Өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы қаза тапқан балалардың ата-аналары мен жақындарына көңіл айтты.

Облыс басшысының айтуынша, өңір әкімінің орынбасары, аудан әкімі оқиға болған орынға барып, барлық қызметтің жұмысын үйлестіріп жүр.

«Әкімдік тарапынан барлық қажетті көмек көрсетіледі: жерлеу рәсімін ұйымдастыру, психологиялық көмек көрсету, баспанамен қамтамасыз ету және өзге де әлеуметтік қолдау шаралары», – деп жазды Төреғалиұлы.

Оның айтуынша, қазір бұл ауылда ТЖД мамандары, полиция департаментінің қызметкерлері, медицина қызметкерлері және басқа да тиісті қызмет өкілдері жұмыс істеп жүр. «Жағдай менің жіті бақылауымда» деп жазды әкім.

Естеріңізге сала кетейік, Жымпиты ауылында шағын үй өртеніп, бір отбасының бес баласы қаза тапты. Бұл туралы жергілікті төтенше жағдайлар қызметі хабарлады.

Мекеменің мәліметінше, 4 маусымда күндіз Жымпиты ауылындағы шағын үй өртеніп, бір отбасының бес бала қаза тапты. Олардың ең үлкені бес жаста болған.

Сондай-ақ оқыңыз