Қарбыз маусымы басталды: түркістандық диқандар алғашқы өнімді жинап жатыр

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Шаруалар жиналған қарбыздарды жөнелтуге дайын / Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Елде қарбыз маусымы басталды. Түркістан облысы Жетісай ауданындағы диқандар биылғы жылдың алғашқы қарбызын жинап жатыр.

Шаруалардың айтуынша, «Қазсушардың» жергілікті филиалы суды уақытылы жеткізіп беріп отырғанның арқасында  өнімді де уақытылы жинауға мүмкіндік туған.

 «Биыл еккен қарбызымыз бен қызанағымыз пісуге жақын. Осынша алқапқа уақытылы су жеткізіп отырған «Қазсушар» филиалына алғыс білдіреміз. Биылғы алғашқы қарбызымызды жөнелтуге дайынбыз. Су жақсы берілгендіктен қарбызымыз суды көп сіңіріп, жақсы өсті. Су сапалы әрі уақытылы келді. «Қазсушармен» келісімшартқа да отырдық», – деді Тың ауылының диқаны Қуанбай Бексұлтан.

Суару маусымы басталғалы бері еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі «Қазсушар» филиалдары диқандарға 2,5 млрд текше метрден астам су берілген.  Түркістан облысына 1,3 млрд текше метр су беріліп, 276 мың гектар жер суарылды. Жетісай ауданында 84,3 мың гектар егіс алқабын суаруға 304 млн текше метр су жіберілді. Оның 97,5 млн текше метрі 13 384 гектар бақша және көкөніс алқаптарын суаруға жұмсалды.

Ауа райының қолайлы болып, суармалы судың ерте берілгенінің арқасында Түркістан облысының диқандары сәуір айының ортасында қырыққабаттың алғашқы өнімін жинады. Ал мамыр айының соңғы онкүндігінде қауынның алғашқы өнімін жинады.

Сондай-ақ оқыңыз