Талдықорған әкімдігі бала жарақат алған соң, ағаштарды кесу жұмыстарын бастады

Талдықорған қаласының әкімдігі ағаш бұтағы сынып, баланың үстіне түскеннен кейін, Арбат бойында орналасқан ағаштарды кесуді қолға алды. Бұл туралы қала әкімдігі хабарлады.
«Талдықорған қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» Instagram әлеуметтік желісі арқылы жарияланыммен танысып, қызмет көрсетуші мердігер «Қазақстандық саңыраулар қоғамы» жыл бойына санитарлық кесу және қауіпті ағаштарды кесу жұмыстарын кестеге сәйкес жүргізіп жатқанын хабарлайды. Бұл ретте Арбат бойындағы жасыл желектерді санитарлық қырқу жұмыстары басталып кетті», – делінген әкімдік хабарламасында.
Еске сала кетсек, 4 маусым күні Талдықорғанның Арбатында қайғылы оқиға болды. Үлкен ағаш астынан өтіп бара жатқан баланың үстіне бұтақ құлап, басына зақым келді. Куәгерлер таратқан видеодан бұтақтың үлкен екенін көруге болады.