Шерзат өлімінен кейін Талғар билігі қалай тазартылды?

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Жергілікті билік – Талғар билігі түгелдей отставкаға кетті / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Жергілікті билік – Талғар билігі түгелдей отставкаға кетті / коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Алматы облысы Талғар ауданында 16 жастағы жөсөспірім Шерзат Болаттың өлімі қоғамды дүр сілкіндіріп, Талғар билігін төңкеріп тастады.

Әкесін сабап, немере ағасын пышақтап, анасының қолында өлім аузында жатқан баланы тепкілеп өлтіргені қазақстандықтардың төбе шашын тік тұрғызғаны өз алдына бөлек әңгіме.

Шерзат қазасы неге елді дүрліктірді?

Бір анық нәрсе, жер-жерде жастар арасында төбелестің арты кісі өліміне ұласып жатқаны алғаш рет кездесіп отырған жоқ. Бірақ тұрмыстық жанжалдан туған қылмыстардың мұндай дүрбелең тудыратыны некен-саяқ.

Қоғам қатігездікпен өлтірілген жасөспірімнің қазасының артында үлкен кілтипан жатқанына сенімді болғаны байқалды. Іле-шала Талғарды тік тұрғызып жүрген «хуторлықтар» немесе ұйымдасқан қылмыстық топ туралы әңгіме гуледі.

Шерзат өлімінен кейінгі жантүршігерлік оқиғалар

Алғашқы да жергілікті билік мұны жоққа шығарды. Бірақ одан кейінгі оқиғалар әлеуметтік желіде айтылып жатқан қауіптің негізсіз емес екенін көрсетіп бергендей. Қылмысты жасырып-жабуға әрекеттерді айтпағанда, қара жамалып, қайғыға батқан отбасының үйіне өрт қойылды. Ашық түрде қоқан-лоқы жасала бастады. Тіпті, осындай мақсатпен Қаржаубай Нұрымовқа «Еркошпын» деп түрмеден де қоңырау соққандар табылды. Тіпті, «хуторлықтар» туралы айтқан Қаржаубайдың көршісі «емделмей қашып кетті» деген негізбен психикалық сауықтыру орталығына жіберілді.

Желтоқсан айының басында Еңбекшіқазақ ауданы Азат ауылындағы Шерзат жерленген мола маңында Нұрқанат Ғайыпбаев жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Полиция суицид деп таныды.

Хасан Қасымбаев неге ұсталды?

Талғар ауданында Шерзат өлімінен кейін 4 қарашада «хуторлық Хасан» деген атпен танымал Хасан Қасымбаев ұсталды. Ол мұның алдында бейнежазба арқылы мәлімдеме жасап, өзінің бұл қылмысқа, сондай-ақ қылмыстық топтарға қатысы жоқ екенін айтқан еді. Хасанға қарсы бұдан 2-3 жыл бұрын жасалған қылмыстық іс қайта көтерілген.

Оның ММА-да күш сынасып жүрген спортшыны ұрып-соғып, ұрлап әкетіп, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіруге қатысы бар деген күдік келтірілді.

Аппеляцияға дейін адам өлтірген

Спортшы  Алмас Әлімовтің қарсы қолшоқпарларын жұмсаған Хасан Қасымбаев болып шықты.

Бір қызығы, бұрын бұл іс бойынша күдіктілер заң алдында жауапқа тартылған. Іс ұсақ-бұзақылық ретінде тіркеліп, сот залынан босап шыққан. Аппеляциялық арыз түскенше, әлгі «бұзақылардың» кейбірі Алматы қаласының Алмалы ауданында бір караоке-барда бір жас жігітті өлтіріп, екіншісін майып қылып, сотталып та үлгерген.

Хасанның отбасы

Айта кететін жайт, Хасан Қасымбаевтың екі ағасы бар. Оның бір ағасы Аслан Қасымбаев Талғар ауданы әкімдігінің аппарат басшысы болып қызмет атқарды. Оның алдында Белбұлақ ауылының әкімі болған. Шерзат ісінен кейін ол көп ұзамай «өз еркімен» қызметінен кетті.

Екінші ағасы Ержан Қасымбаев 2012 жылы Қорғас кеден қызметкері Медет Жамашев есімді азаматты өлтіргені, 15 жылға бас бостандығынан айырылып, түрмеде отырғаны анықталды.

Талғар ауданы Бірлік ауылының бесендісі Мақсат Кенжебаев 2019 жылы үйінің өртенуіне Аслан Қасымбаевтың қатысы болуы мүмкін деп күдік келтірді.

Ал Сенатор Жанболат Жөргенбаев Хасан Қасымбаевтың туысы екенін растағанымен, жақын араласпайтынын айтты.

Жергілікті биліктің құлауы

Билік мұндай бассыздық кәдуілгі тұрмыстық жағдай емес екенін көзі жете бастады. Бұл істі Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жеке бақылауына алды. Бұл ашық түрде мойындалмаса да, іс жүзінде тазарту жұмыстары жүргізілгенін байқауға болады. Талғар билігі жаппай ауыса бастады.

Жергілікті биліктегі және құқық қорғау органдарындағы басшылық құрамы түгел ауысты, десек қателеспейміз. Тіпті, Айдос Рысбаев ҚР ішкі істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды. Құқық қорғау саласындағы бірқатар лауазымды тұлғалар қызметімен қош айтысты.

Кімдер кетті?

Оның ішінде, Алматы облысы ПД бастығының бірінші орынбасары Серік Шалқаров, Талғар ауданы полиция басқармасының бастығы Нұржан Күнтүнов, Алматы облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Ұлан Байтақов, Алматы облысы ПД криминалды полициясы басқармасының бастығы Руслан Смағұлов, Алматы облысы ПД ұйымдасқан қылмыстық топтармен күрес басқармасының бастығының орынбасары Жанат Омаров бар.

Прокуратура мен әкімдікте де тазарту жүрді

Алматы облысы прокурорының орынбасары С. Бақыров пен Талғар ауданының прокуроры Ескендір Бекманов те отставкаға кетті. Бас прокуратура мұның себебін «қылмыстық процестегі заңдылықты қадағалау жұмысында кездескен елеулі кемшіліктермен» түсіндірді.  

Сонымен қатар, Талғар қаласының әкімі Бақыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Мәтан Сағындық және Талғар ауданы әкімінің аппаратының басшысы Аслан Қасымбаев та орнын босатты. Ал аудан әкімі Танат Айдарбеков пен орынбасары Айбек Бидаев «сөгіс» алды. Талғар билігі қолында болған лауазымды тұлғалар осылайша бірінен кейін бірі қызметінен кете бастады.

Депутаттар уәжі

Шерзат ісіндегі дау-дамайларға депутаттар да үн қосты. Айталық, Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков «Талғар оқиғасың елдегі құқықтық жүйедегі проблемаларды айқын көрсетіп отыр» деп мәлімдеме жасады.

Нартай Аралбайұлы Үкімет басшы Олжас Бектеновтің атына сауал жолдады.

Сенатор Марат Қожаев Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты сот отырысын ашық өткізуді ұсынған еді.

Сондай-ақ оқыңыз