Су тасқынынан кейін үй салуға бөлінген 300 млн теңгені ұрлаған шенеунік сотталды

Ақмола облысында шенеунік пен екі кәсіпкер Атбасардағы су тасқынынан зардап шеккендерге үй салуға бөлінген қаражатты жымқырғаны үшін сотталды.
Бұған дейін Бас прокуратура осы қылмыстық іске қатысты фигуранттар 300 млн теңгеден астам қаржыны жымқырды деп хабарлаған болатын. Олар – Атбасар ауданы әкімдігінің құрылыс бөлімінің басшысы және екі кәсіпкер – «Престиж Строй 7» және «Фундаменталь» ЖШС директорлары.
Айыпталушылар 2021 жылы Үкімет резервінен бөлінген қаражаттың бір бөлігін ұрлаған. Бұл қаражат Атбасар ауданында су басу қаупі бар аймақта тұратын 200 отбасын көшіруге арналған екі тұрғын үй салуға бағытталған болатын. Алайда құрылыс аяқталмай қалған.
«Тергеу барысында қылмыстық жолмен алынған мүлік – Астана мен Алматы қалаларындағы коммерциялық жылжымайтын мүлік, арнайы техника, құрылыс жабдықтары және банктік шоттардағы 50 млн теңгеден астам ақша анықталды. Арестке алынған мүліктің жалпы бағаланған құны 335 миллион теңгеден асты. Аталған мүліктің бір бөлігі жалға беріліп, қылмыстық табыс әкелген», – деп хабарлады Бас прокуратура.
Аудандық соттың мәліметінше, мемлекетке келтірілген залал өтелмеген. Аудан әкімінің аппараты сотталғандарға азаматтық талап қоюға құқылы.
Сот шешімімен шенеунік 7,5 жылға бас бостандығынан айырылып, өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылды. Кәсіпкерлердің бірі де дәл осындай жазаға кесілді, ал екіншісі – 8,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұдан бөлек, сот бірнеше мекемеге арнайы ұйғарым шығарды:
- облыс әкімдігіне – аталған іске қатысы бар шенеуніктің заң бұзғаны үшін;
- полиция департаментіне – куәгердің жалған куәлік бергенін тексеру үшін;
- облыс прокурорына – істі тергеу кезінде заң талаптарының бұзылғанын қарау үшін.
Еске салайық, осыған дейін Ақмола облысы Атбасар аудандық сотында Сергеев ауылдық округінің әкімі Қайрат Қожахметовке қатысты қылмыстық іс қаралды. Іс барысында ол 19 тұрғын үйді су алғанына кінәлі деп танылды.