Дархан Сатыбалды Алматыда жол жөндеу жұмыстары қашан аяқталатынын айтты

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Наурызбай ауданына жасаған жұмыс сапары барысында қаладағы инфрақұрылым және әлеуметтік жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Әкім жол жөндеу жұмыстары мен құрылыс жобаларын дер кезінде әрі сапалы аяқтауды қатаң тапсырды.
Мектеп пен балабақша құрылысы – басты назарда
Құрамыс шағынауданында қала әкімі 1500 орындық жаңа мектептің құрылыс алаңын аралап шықты. Бұл білім ұясының құрылысы 2023 жылдың тамызында басталған болатын. Аудан тұрғындарының саны артып келе жатқанын ескерсек, мектеп тапшылығы мәселесі әлі де өзекті. 2024–2025 оқу жылында шамамен 5 мың оқушыға қосымша орын қажет.
Сондай-ақ, дәл осы ауданда 320 балаға арналған балабақша салынып жатыр. Қазіргі таңда нысанның 65%-ы дайын. Құрылыс мерзімінің кешігуіне байланысты Дархан Сатыбалды мердігерге ескерту жасап, тиісті басқармаға бақылауды күшейтуді тапсырды.
«Бұлай болмайды! Егер жұмыс мерзімінен кешігіп жатса, тиісті шешімді өздеріңіз қабылдап, келісімді бұзып, компанияны қара тізімге енгізіңіздер», – деді қала басшысы.
Әкімнің айтуынша, жол жөндеу жұмыстары жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқталуы керек. Бұл әсіресе жол қазу салдарынан пайда болатын уақытша қолайсыздықтарды азайтуға бағытталған.
«Жаз мезгілінде жол қазу жұмыстарының бәрін жаңа оқу жылына дейін аяқтау қажет», – деді әкім.
Сапар барысында әкім Ақжар шағынауданындағы су және кәріз жүйелерінің құрылысы жүріп жатқан аумаққа барды. Жоба аясында жалпы ұзындығы 82,4 шақырым болатын инженерлік желі тартылмақ. Бүгінде 31 км су құбыры мен 27 км кәріз желісі аяқталған. Құрылыс толықтай 2025 жылдың соңына дейін бітеді деп күтілуде. Жобаның нәтижесінде 33 мыңнан астам тұрғын сапалы ауызсумен қамтылады.
Абай даңғылы мен ауруханадағы жөндеу
Дархан Сатыбалды сондай-ақ Абай даңғылының Момышұлы көшесінен қала шекарасына дейінгі жол құрылысының барысын тексерді. Жолдың жалпы ұзындығы 5,3 шақырым болса, оның 4,7 шақырымы пайдалануға берілген. 30 мамырда тағы 600 метрлік бөлігі ашылды. Жобаны 2025 жылдың қарашасына дейін аяқтау көзделіп отыр. Ал орташа жөндеу жұмыстары биыл қазан айының соңына дейін бітпек.
Сонымен қатар, әкім №7 қалалық клиникалық ауруханаға барып, ғимараттағы күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. 15 жылдан бері жөндеу көрмеген нысанда инженерлік желілер мен шатыр, жүк лифттері толық жаңартылуы қажет.